Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап төменгі жалақы көлемі 60 мың теңгеге болады. Бұл туралы бүгін, 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтты.
"Төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері өспеді. Әлемдік коронакризис халықтың табысына салмақ түсірді. Сонымен қатар Қазақстан төменгі жалақы көлемі бойынша ТМД-ның көптеген елінен қалып қойған. Сол себепті мен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап төменгі жалақы көлемін 42500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдадым" деді Тоқаев.
Ол бұл шешімнің бір миллионнан астам адамға әсер ететінін айтты. Тоқаевтың сөзінше, қазір елде көлеңкелі жалақы қоры жария жалақы қорының 30-40 пайызын құрап отыр, бұл шара осы көрсеткішті азайтуы тиіс.
"Төменгі жалақыны көтеру ішкі тұтынуды арттырып, оң экономикалық әсер береді. Сарапшылардың бағалауынша, жалпыұлттық ішкі өнімді 1,5 пайызға арттырады" деді.
Елде 2019 жылдан бері төменгі жалақы 42 500 теңге болған. Төменгі жалақы көрсеткіші жәрдемақы тағайындау кезінде есепке алынады. Мәселен, былтыр коронавирус індеті тарай бастағанда қатаң карантин шаралары енгізіліп, жұмыссыз қалған адамдарға осы ең төменгі жалақы көлемі шамасында бір реттік жәрдемақы берілген.
Бірақ осы жолдауында Тоқаев төменгі жалақы көлемін әлеуметтік салада есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды доғару керек деді. Бірақ оның қалай жүзеге асатынын айтпады.
Елде жалақы, жәрдемақы көлемі өскен сайын азық-түлік пен жанармай бағасы да қымбаттайды.