Алматы облысында қойылған Мұқағали Мақатаевтың 62 миллион теңгелік ескерткішіне байланысты дау шықты.
«МАҚАТАЕВҚА ЕМЕС, МЫРЗАЛИЕВКЕ КӨБІРІК ҰҚСАЙДЫ»
Райымбек ауданының орталығы Нарынқол елді мекенінде қойылған ескерткіштің түр-сипаты мен орналасқан жеріне көңілі толмайтын жұрт мүсіннің дұрыс жасалмағанын айтады. Ескерткіш келбетіне байланысты әлеуметтік желіде мәселе көтерген журналист Қанат Әбілқайыр «мүсін Мұқағали Мақатаевқа емес, Қадір Мырзалиевке көбірек ұқсайды және бойы тым аласа» деп есептейді. Оның сөзінше, ескерткіште бейнеленген Мұқағалидің тұрысында тұру мүмкін емес.
«Ескерткіште Мұқағалидің бойы аласа. Оның биік, асқақ кісі болғанын білеміз. Шеберханада жасалған кезде биік болып көрінеді. Өйткені ескерткіш 3,5 метр. Бірақ тұғырға қондырған кезде көзге қораш көрініп тұр. Бұл жерде ескерткіш Қадір Мырзалиевтің кейпіне көп ұқсап кеткен. Барлығын айтатын болсам, ескерткішті толықтай өзгерту керек болады. Ескерткіштегі Мұқағалидің тұрысында мен тұра алмадым. Бір қол жамбаста, аяғы қисайған, екінші қолы белде тұр. Адамда ондай тұрыс болмайды», - дейді Әбілқайыр.
Қанат Әбілқайыр Мұқағали Мақатаевтың 62 миллион теңгелік ескерткіші мен осыдан бірнеше жыл бұрын 23 миллион теңгеге жасалған жазушы Дидахмет Әшімханұлының мүсінімен салыстарады. Оның сөзінше, екі ескерткіштің арасы жер мен көктей.
«Дидахмет ағаның ескерткішін жасайтын кезде эскизімен танысқанбыз. Біз оған өз пікірімізді айтқанбыз. Сол кезде Дидахмет ағаның ескерткішіне толығымен 23 миллион теңге кеткен. Мына ескерткішті 30 миллион теңге дейік. Ертең қоласы сапалы деп айтуы мүмкін. Ар жағында 10 миллион теңгеге маңайын қатырып тұрып абаттандырып тастауға болады. Бұлар «басында ескерткіш қоюға 10 соттық жер бөлгенбіз, кейіннен 30 соттық болып кетті. Содан ескерткіш солай көрініп қалды» деп отыр. Бірақ айдалаға апарып қойса да мүсін өзінікін айтып тұрады», - дейді журналист.
Мақала жазу барысында Қанат Әбілқайыр Facebook желісінде Райымбек ауданында әлеуметтік желіде ескерткішті мақтау науқаны басталғанын айтып жазба жариялады.
«ЕСКЕРТКІШТІҢ БОЛМЫСЫ ҰНАДЫ»
Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев ескерткішке көңілі толатынын және салынғанға дейін апта сайын барып көріп тұрғанан айтады.
«Тұрған жерін, фонын білмеймін. Ал ескерткіштің бітім, болмысы жеке өз басыма ұнайды. Бойы кіші болып кетті деп жатыр, ондайын мен көрмедім. Мүсінді жасап жатқанда апта сайын шақырып, көрсетіп тұрды», - дейді ақынның ұлы.
Өз кезегінде Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Марлен Көлбаев БАҚ өкілдеріне «ескерткішті көруге арнайы комиссия шыққанын» мәлімдеді.
ДАУЛЫ ЕСКЕРТКІШТІ КІМ ЖАСАДЫ?
Мемлекеттік сатып алулар порталында ілінген ақпаратта Нарынқол ауылының Жастар саябағына Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш орнатуға Райымбек ауданы әкімдігінің Баққожа Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйі тапсырыс бергендігі көрсетілген. Конкурсты «Тайқазан» ЖШС жеңіп алған. Тендердің жалпы құны 62 миллион теңге. Тараптар келісімшартқа 2021.03.09 күні қол қойған.
Аталған компания 2008 жылы Алматы қаласында тіркелген. Басшысы – Мейірлан Азмағанбетов. Компания 2019 жылдан бері мемлекеттік сатып алу порталында төрт келісімшарт жасасқан. Барлығында ескерткіш орнатуға тапсырыс алған. Төрт келісімшарттың үшеуін Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен жасасқан. Келісімшарттардың жалпы соммасы 500 миллион теңгені құрайды.
Контент АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. (Ұжымның аты) ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.