Алматы қаласында төртінші толқын қаупі арта бастады. Астанадан кейінгі ең көп науқас анықталып жатқан өңірде ауруханаға тек жағдайы ауыр адамдар ғана жатқызылып жатыр. Қазіргі таңда резервтегі төсек-орында қоса есептегенде 44% орын толған.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте тіркелген 885 адамның 780-інде симптом белгілері бар, тағы 105 адам симптомсыз түрде ауырған. 15 шілдеде 318 адам ауруханаға жатқызылған.

Жалпы қалада 2516 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 5200 орын болатын инфекциялық стационарларда 2292 адам емделіп жатыр. Олардың арасында жағдайы жеңіл әрі орта деңгейдегі балалардың саны күрт артып, 181-ге жетті. Бұдан өзге аурухандағы ересектердің 900-дейі ауыр және 3118-і орта хәлде. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 132 науқас бар. 27 адам ӨЖЖ, 39 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 61 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 4326 науқас бақылауда жатыр.

Ресми дерекке қарағанда, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни ақпан айынан бері мегаполисте 371 мың адам екпенің толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 212 егу пункті мен 308 егу бригадасында 1260 медқызметкер жұмыс істейді.

Осыған дейін, наурыз айында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.

Алматыда пандемия кезінде коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 88 мыңға (81 мыңы КВИ+, 6 мыңы КВИ-) жуықтады. Бекшиннің айтуынша, шілде айында қалада төртінші толқын басталды.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 477 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 58 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 536 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 10 751 адам (КВИ+ / U07.1 – 4864, КВИ- / U07.2 – 3520, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.

"The Qazaq Times"