Алматы қаласында аптаның алғашқы күні тіркелген коронавирус жұққандар саны рекордтық деңгейге жетті. Бір тәулікте – 545 науқас. 468-і симптомдық белгілері бар және 77-сі симптомсыз.
«Жұқпалы ауруларға арналан стационарларда 5 мың төсек-орын бар. Онда 2696 адам, оның ішінде 108 бала емделіп жатыр. 29 наурыздағы дерек бойынша, барлық сырқаттың арасындағы 32 адамның хәлі өте ауыр, ал 302 пациенттің жағдайы ауыр күйде. Орта дәрежеде 2362 сырқат төсекке таңулы. Бұдан басқа 3,2 мыңнан астам адам амбулаторлық деңгейде, яғни үй жағдайында емделіп жатыр», – деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев бүгінгі брифингте.
Оның мәліметінше, жалпы реанимация және интенсивті терапия бөлімінде 135 адам емделуде, тағы 285 бос орын дайындалған. Сондай-ақ 8 науқас өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылса, одан өзге 55 адам инвазивті емес ӨЖЖ және 42 адам High flow аппаратымен тыныстап жатыр.
Дүйсенбі күні 262 адам ауруханаға жатқызылды және 317 адам үйіне жіберілген.
«Қала бойынша жиналған талдау сынамалары екі зертханада зерттелді. Нәтижесінде британдық және оңтүстікафрикалық штамдар анықталды. Бұлар әдеттегіден екі есеге жылдам жұғады. Осы себепті карантин шаралары күшейтілді. Өткен аптада 100 мыңға тұрғынға шаққанда 149 сырқат тіркелді, репродуктивті көрсеткіш 1,114 болды. Мегаполис көлемінде 3082 індет ошағы бар», – деп мәлімдеді бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин.
Бекшин былтырғы «екінші жартыжылдықта 281 оқушы ауырған еді. Ал биылғы үш айда 1468 бала науқастанды. Сондықтан барлық мектепті онлайн форматқа ауыстыруға тура келді. Тек кезекші сыныптарға рұқсат етілді» деді.
Пандемия басталғалы КВИ+ (инфекция ПТР тесті арқылы расталған) бойынша 35,5 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған. Ондағы 22 656 адамда симптомдық белгілер анықталған, ал 11 мыңға тарта науқас симптомсыз түріне шалдыққан. Бүгінге дейін 27 мыңға жуық адам емделіп шыққан. Сонымен қоса, 452 адам қайтыс болған.
Былтырғы 1 тамыздан бері 5519 адамға КВИ- (коронавирус пневмониясы) диагнозы қойылған.
Наурыз айында әзірге Алматы қаласында 8,5 мыңнан аса науқас тіркеліп үлгерді. Қалада наурыз айының алғашқы декадасында тәулігіне жүзден кем емес жағдай тіркелді, 10-ынан бері бұл сан еселеніп өсуде. Осыған дейін бас санитар Бекшин бір күнде ауруханаға 500-ден аса науқас түсер болса, толық локдаун енгізілетінін ескерткен. 21 наурыздан бастап қатаңдатылған карантин режимі 12 сәуірге дейін ұзартылды.
Қалада тіркелген 39 мыңнан аса науқастың 22%-ы немесе 8561-і тек наурыз айына тиесілі. Елде осы айдағы 31 мың сырқаттың 27,5%-ы бір ғана Алматы қаласында анықталған.