Гонконг өзінің жеткілікті деңгейдегі наразылығын көрсетті. Рекордтық сандағы шерушілер бір жаз бойы Хаңкоң көшелерін босатпай, тұтас әлем назарын өзіне аударды. Амал не, тегеурінді коммунистік режим өз шеңгелін салып, бұл күнде Хаңкоңда өз дегенін жасай бастады. Әрине, қазір де наразы топ барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, қарсылығын білдіруде. Әйткенмен, көп өтпей Бейжің билігі Хаңкоңдағы  өзіне қарсы күштерді толық бақылауына алады деп күтілуде. Осылайша Қытай іргесіндегі «Батыс қақпасы», «Демократия көрігі», «Азияның жұлдызы» ҚКП-ның шылауына кетпек. Егер процесс еш тосқауылсыз жалғаса берсе, келесі кезек Тайуанға (Тайвань) келгелі тұр.

Қытай Халық-азаттық армиясының қазіргі әрекеттерінен Қытайдың келесі нысанасы Тайуан екенін тұрақтандыруға болады. Соңғы уақыттарда Қытайдың әуе күштері Тайуан кеңістігіне жиі кіріп, аралға жақын кеңістіктегі белсенділігін арттырды. Соның қатарында Қытайдың ірі бомбалаушы ұшақтары мен қуатты шабуылшы жауынгерлік ұшақтары да бар. Бұл әрине, Тайуан қорғаныс күштеріне қысымды ауырлатады. Тынымсыз әуе қаупіне қарсы әрекеттер Тайуанның шабуылға қарсы ерік-жігерін әлсіретуі мүмкін. АҚШ пен Тайуанның бұрынғы әскери шенділері жағынан бұл «Сұр аймақ» тактикасы деп аталған.

Шын мәнісінде, Қытай-Тайуан арасындағы қақтғыс қаупі соңғы он жылдықтағы ең жоғары деңгейде тұр. Қытайдың әскери ұшақтары дерлік күн сайын Тайуан кеңістігіне кіреді, кей күндері бірнеше рет қайталанады.  Тайуан Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі қыркүйектен бері қарай Қытай ұщақтары бұндай операцияларды 100-ден астам рет орындаған екен. Қытай Халық-азаттық армиясының қазіргі әрекеттерін бағалағанда, Тайуанға бағытталған әуе қысымдары алдағы уақытта теңіз әскери-жаттығулары, кибер-шабуыл және дипломатиялық оқшаулау әрекеттерімен қосталуы мүмкін.

Аталған «Сұр түсті аймақ» тактикасы Қытай үшін тиімді екені байқалады. Қытайдың қорғаныс бюджеті қазір әлемде екінші орында. Өзінің зор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Тайуан сынды шағын елдің кеңістігіне тынымсыз әскери ұшақтарын жіберіп, қарсыласын қорғаныс шығындарына батырады және бұл әрекет ұзақ уақытқа жалғасса Тайуанның қарсы күресуге деген күш-жігері әлсірейді.

Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиң билікке келгеннен кейін елдің әскери қуатын қарқынды дамытты. Әсіресе, теңіз және әуе күштері Қытай тарихындағы ең әлеуетті деңгейге жетті. Ши өзінің өкілетті кезеңінде Тайуанды Қытайға толықтай бағындыру арқылы тарихта қалғысы келетіні анық көрініп келеді. Кейбір ақпарат құралдары бөліскен әскери сарапшылардың пікіріне қарағанда, қазіргі әскери қуатымен Қытай Тайуанды бір күн ішінде жаулап алуға қабілетті. Әрине, бұл тек Қытай Халық-азаттық армиясының қуатын негіз еткендегі бағалау. Бұл арада Тайуанның да өзіндік қорғаныс қабілетін бағаламауға болмайды.

Биыл Қытай коммунистік билігі өзінің ұлттық мүдделеріне қатысты кейбір мәселелерде шын кеспірін көрсетті. Гонконг, үнді-қытай шекара жанжалы, Тайуан, Оңтүстік Қытай теңізі, АҚШ-пен болған мәмілелер де Бейжің билігі біржақты ұстанымын қорғаудан бас тартпайтынын байқатты. Айталық, бұған дейін Тайуанға «қару арқылы немесе қарусыз бағындыру теориялары» пікірталасты күйде болған. Ал, қазір бұндай пікірталас тоқтап, Тайуанды қару арқылы бағындырудың ықтимал жоспарлары түзіліп жатқаны анық. Бұндай болжамды Тайуан Қауіпсіздік қызметінің аға кеңесшілері де растап отыр. «Рейтер» агенттігіне берген пікірінде олар «Қытай билігі қазір әскери іс-қимылдардың ықтимал жоспарларын талқылау және тұжырымдау кезеңінде» деген көзқарастарын бөліскен.

Дегенмен, Қытайтың Тайуан істері жөніндегі кеңесі бұндай пікірлерді терістеп мәлімдеме де жасаған.  Олар Қытай әлі де бұрынғы ұстанымында, Тайуанмен бейбіт жолмен біргіу ұстанымын қолдап келеді деген. Бірақ, Тайуан Ұлттық Қорғаныс министрлігі Қытайдың «Сұр түсті аймақ» тактикасына қарсы тұру теңіз және әуе патрульдерін күшейтіп, жауынгерлік дайындықты арттыратындығын мәлімдеді. Тайуан әскерлері «Арандатпау және жаудан қорықпау» ұстанымдарын бекемдеуге тырысуда.

Тайуан мен Қытай арасындағы ықтимал соғыс қатерінің талдауға, сараптауға тұратын тұстары мейлінше көп. Қазірше, екі елдің арасында қақтығыс қатерінің ең жоғары деңгейде тұрғанын айтудың өзі жеткілікті. Тайуан тақырыбы бір қарағанда бізден алыс, қатыссыз тақырыптың бірі көрінеді. Анығында олай емес, егер Қытай өзінің шығысы мен шығыс оңтүстігіндегі барлық мәселелерін өз мүддесіне шешсе, кезек Орталық Азияға келері сөзсіз.

“The Qazaq Times”