Германияда коронавирусты жұқтыру деректері күрт өсті. Осыған байланысты Берлинде және Бавария өңірінің екінші аймағында локдаун енгізілді.
Елде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 569 мыңнан асты, Өткен тәулікте 14 мыңнан астам адам індетке шалдыққан. Науқастардың көбі –жастар.
Экономика министрі Петер Альтмайердің болжамынша, күніне 20 мыңдай адам вирусты жұқтыруы мүмкін. Аустриямен шекаралас Роттал Ин ауданында барлық мектептер мен балабақшалар жабылды. Жергілікті тұрғындарға тек дәрігерге қаралып, дүкенге шығуға рұқсат. Сондай-ақ спортпен айналысып, үй жануарларын сыртқа шығара алады.
Өңірде ойын-сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынды. Театр, музей, бассейн, спорт залдар мен қоғамдық тамақтану орындары жабық. Германияның ірі шаһарларында маска тағу режимі енгізілді. Ереже бойынша бір жерде 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Канцлер Ангела Меркель шектеу шаралары қатаң екенін мәлімдеді.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 47 миллионнан асты. Антирекорд орнаған мемлекеттер қатарында АҚШ, Бразилия, Үндістан және Ресей тұр.