Егер наразылық білдірушілер ресми өкілдерге қарсы шықса, Беларусь Ішкі істер министрлігі жауап ретінде күш қолданатынын хабарлады. Дәл қазіргі уақытта жүзден астам наразылық білдірушілер қамауға алынған. Азаматтық белсенділерді ұстау жалғасуда.
Еуропалық одақ Беларуське қарсы санкциялары 21 қыркүйекте күшіне енетінін мәлімдеді. Олар сондай-ақ санкциялар тізімін кеңейтуге болатынын айтты. Санкция мақсаты – Беларусь билігі мен оппозициясы арасындағы келіссөздерді бастау.
Литва Сыртқы істер министрлігі Беларуське қарсы шектеу енгізбеу – Еуроодақтың сыртқы саясатына нұқсан келтіреді дейді. Министрлік басшысы Линас Линкявичюс Брюссельді Беларусь оппозициясына көмек көрсетуге шақырды.
5 қыркүйекте «Аррия формуласы» бойынша дүниежүзілік ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің бейресми отырысында Беларусь ахуалы талқыланып, Светлана Тихановская мәлімдеме жасаған. Оппозиция өкілі Тихановская БҰҰ-дан көмек сұрап, билік ауыспайынша, наразылық шерулері басылмайтынын айтты.
9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтті. Орталықсайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болды.
Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық басталды. Шеруге шыққандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері соққыға жығып, көз жасаурататын газ қолданған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, митингтер кезінде 6 мыңнан астам адам ұсталды, бірнеше полиция қызметкерлері мен демонстранттар жарақат алды.