Әлемде халқы ең көп екі ел – Қытай мен Үндістан қазір қайшылық жағдайында тұр. Бұдан бірер апта бұрын Кашмирге жақын таулы аймақта екі елдің шекарашылары қақтығысып ондаған жауынгер қаза тапқан болатын. Қытаймен мұндай қырғи-қабақ болып тұрған кезде Үндістан Ресейдің ұшқыр соғыс ұшақтарын көптеп сатып алды. Сарапшылар бұл іс Үндістан мен Қытай арасындағы қайшылықты тіпті де тереңдете түседі деп болжап отыр.
Жаңа-Делидің мәлімдеуінше, Үндістан тарабы Ресейден МиГ-29 әскери ұшағынан 21 данасын сатып алмақ. Бұған қоса, Үндістанның Қорғаныс министрлігі Hindustan Aeronautics Limited атты үндістандық компанияға Су-30МКИ үлгісіндегі ауыр соғыс ұшақтарынан 12 данаға тапсырыс берген.
Үндістан бұрыннан Ресейдің қару-жарағын сатып алушы ірі елдердің бірі саналатын. Соңғы жылдары Үндістанның отандық қару-жарақ өндірісі де артты және америкалық әскери техникалардың үлесі де көбейе түсті. Қытаймен қайшылық күшейіп тұрған маусым айында Үндістан Қорғаныс министрі Мәскеуге шұғыл сапарлай барған еді. Ол Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысты және орыстың бірқатар жоғары әскери шенділерімен кездесу өткізді.
Шекара жанжалы ушығып тұрған тұста Үндістанның ірі көлемде орыс әскери техникаларын сатып алуы Қытайға қысымды арттыратыны анық. Алайда, Қытайда Ресейдің стратегиялық одақтасы саналып келеді. Қытай Ресей өндірген S-400 зымыран қорғаныс жүйесін алғаш сатып алған ел және ресейлік Су-30 әскери ұшақтарын пайдаланып келеді.
Үнді-қытай шекаралық дауының мәні неде?
Үнді мен қытай арасындағы шекара жанжалы алғаш рет болып отырған жоқ. Әлемнің жотасы – Гималай тауындағы шекара екі ел үшін де символдық мәнге ие. Бір жағында Қытайға қарасты Тибет аймағы, енді бір жағында Үндістанға қарасты Ладакх аймағы. Стратегиялық маңызы бар бұл шекара маңында Үндістан да, Қытай да басымдыққа ие болуға тырысады. Сол үшін түрлі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға күш салады. Ал, осы құрылыс жобалары келесі тарапқа стратегиялық басымдыққа ие болу үшін жасалып жатқан қадам ретінде көрінеді. Таулы, үстіртті аймақ болғанымен Бейжіңнің де, Жаңа-Делидің де көздеген мақсаты зор. Әсіресе, Қытай қазіргі әлемдік пандемиядан пайдаланып бірқатар даулы ұлттық мәселелерін біржақты етуге күш салып жатыр.
Қытаймен маңызды шекаралық аймақта бәсекеге түсіп жатқан тұста, Үндістанның МиГ-29 ұшақтарын сатып алып жатуы Қытай қорғаныс жүйесіне жаңа қысым жасағанмен бірдей. Шекара жанжалы екі елдің сыртқы істер министрлері кездескеннен кейін сәл басылғандай болғанымен, даулы мәселелер әлі көп және оның астары тым тереңде жатыр.