Білім және ғылым министрлігі қазақстандық 10 жоғары оқу орнының лицензиясын тоқтатты.
«Мұның алдында біз бес ЖОО-ның лицензиясы тоқтатылғанын хабарлаған болатынбыз. Қазір біз ЖОО-ларда қосымша тексеріс жүргізіп жатыр. Сол тексерістің нәтижесі бойынша біз шешім қабылдадық, тағы бес ЖОО-ның лицензиясын тоқтатамыз. Заң бойынша ол ЖОО-лар бұл шешімге он күн ішінде шағым түсіре алады. Сондықтан да бізге қазір уақыт керек, шамамен 10 күндей. Сол уақытты күтеміз. Шағым түспесе, нақты қай ЖОО-лардың лицензиясы тоқтатылғанын айта аламыз», – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ ведомство басшысы елдегі оқу орындарының қандай ережелер бұзатынын айтып өтті. «Біз ЖОО-лардың ҰБТ сертификатынсыз оқуға қабылдап жатқанын көрдік. Бұл білім сапасының қандай екенін білдіреді. Бұдан бөлек, студенттердің сабақ бармайтынын, бірақ емтихандардан өтіп, дипломдарын алып жатқанын білеміз. Әрине, біз, мемлекеттік орган ретінде мұндайға жол бере алмаймыз. Сондықтан қатаң шаралар қабылдап жатырмыз. Бірнеше күннен кейін лицензиясы тоқтатылған 10 ЖОО-ны атап береміз», – деді министр.
Соңғы кездері білім министрлігі қоғамда монополия мен коррупция ошағы ретінде көп сыналатын арнаулы және жоғары оқу орындарының мәселесіне шындап кірісіп, жиі көтеріп келеді. Қоғамдық белсенділер аталған либералды бағдардың «соңы сұйылып кетпесе еді» деп алаңдаушылық танытады.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте министрлікке қарасты бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова ЖОО-дағы білім беру бағдарламаларының 73%-ы жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейтінін. Оның сөзінше, 60-там астам жоғары оқу орны жұмыссыздар жасағын дайындайды.
Ведомство тапсырысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы 109 ЖОО-ның білім беру бағдарламаларына мониторинг жасап, арнайы рейтингін шығарыпты. 17 критерийге негізделген тізімде білім бағдарламасы еңбек нарығына бағытталған сапалы маман дайындау мүмкіндігі төмен университеттер де анықталған. Олардың қатарында:
- Сырдария университеті;
- SilkWay халықаралық университеті;
- Қазақстанның теңіз университеті;
- Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университеті;
- Орталық Азия университеті;
- Астана университеті;
- А. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті;
- Болашақ университеті бар
«Атамекен» «жұмысқа жалған тұрды» деген анықтама алдырту мен «сапасыз білімді» жоюдың шешімі ретінде әкімшілік әдісті ұсынады, яғни оқу орындары болашақ жұмыссыздарды дайындамауы үшін олардың лицензияларын қайтарып алу қажет. Сонымен қатар рейтинг нәтижесі мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде ескерелуі тиіс. Ұйым өкілі Олжас Ордабаевтың сөзінше, сапасыз маман дайындайтын жоғары оқу орнына мемлекеттен қаражат бөлінбеуі керек. Ең бастысы, оқу сапасы, білімі төмен оқу орнын мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту құқығынан айыру бастамасы ұсынылды.