Сочидегі Ресей мен Түркия лидерлерінің кездесуінде екі ел Сүриядағы әскери әрекеттерін үйлестіретін болып келісті. Айталық, Сүрияның Түрикя шекарасына жақын аумағын бірлесе бақылайды. Бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу мен Анкара арасындағы бұл келісімді Сүрия президенті Башар әл-Асадқа телефон арқылы түсіндірген.
Хабарларға қарағанда, Путин телефондағы сөйлесу кезінде Ресей-Түркия арасындағы келісімге тоқтала отырып, Сүрияның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауды қолдайтынын жеткізген. Ол президент Ердоғанмен келісім барлық түрдегі террорлық және сепаратистік күштерге қарсы әрекет етуге бағытталғанын жеткізген.
Башар Асад сөйлесу кезінде қандай да бір мәселелерді себеп ете отырып, Сүрияға шапқыншылық жасауға және Сүрияның тұтастығын бүлдіру әрекеттеріне қарсы екенін айтқан.
Түркия шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өздері террорлық топ ретінде танитын Күрд қарулы күштерінің (YPG) бақылауындағы Сүрияның солтүстік-шығысында әскери операциясын жалғастыруда. Сейсенбі күні осы мәселеге байланысты Түркия мен Ресей президенттері Сочиде кездесіп кеңес өткізген. Кездесу нәтижесінде тараптар Сүрияның Түркияға жақын шекара аумағын ортақ бақылауға алатын болып келіскен.