Бейжіңде Қытай Халық Республикасының 70 жылдығы тойланып жатқанда, Гонконгте қанды ереуіл болды. Гонконг полициясы 18 жастағы белсендіге оқ атты.

Мәліметтерге қарағанда, кешегі шеру кезінде полиция тарабынан жиыны 6 рет оқ атылған. 18 жастағы жас белсенді қауіпсіздік қызметкерін темір сойылмен ұрып жатқанда, полицей оған қарата оқ атқан. Ресми тарап, жараланған жас белсендінің жағдайы тұрақты екенін айтады.

Бұған дейін Гонконгтағы наразылық шерулері кезінде полиция тарабы резинке оқтарды пайдаланып келген. Кезекті оқиғаға байланысты Гонконг полициясы: «Полицей амалсыздан оқ атуға мәжбүр болған», – деп мәлімдеген.

Бензин құйылған бөтелкелерді полицейлер тобына қарай лақтыру әрекеттерінен зардап шеккен 104 адам емханаға жеткізілген. 25 полицейдің жарақат алғаны белгілі болды. Сондай-ақ, кешегі наразылық акциясы кезінде 108 шеруші қамауға алынды.

Әр жылдың 1 қазанында Гонконгта Қытай билігіне қарсы наразылық жүрістерінің болуы салтқа айналған. Ал, биылғы жылы Гонконгте ереуілдер қызу күйде тұрғаны белгілі. 1 қазан ҚХР құрылу күні тойланудан бұрын Гонконгтағы жағдай әбден шиеленісті күйде тұр еді.

 

“The Qazaq Times”