Түркия Сүрияның солтүстік-батысындағы бақылау нысандарын күшейтеді. Сонымен қатар, Ресеймен ынтымақтаса отырып, радикалды топтармен күресетін болады. Бұл туралы президент Режеп Тайып Ердоған «Даму және Әділет» партиясының мүшелерімен болған парламент отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды haberturk.com.
Түрік басшысы қазан немесе қараша айында Сүриядағы жағдайды талқылау үшін Ресей, Франция және Германия елдерімен біріккен саммит өтетінін де атап өткен. Бұдан бұрын Анкара тарапынан қолдау көруші сүриялық көтерілісшілер тобы Ресей мен Түркия арасындағы келісімшартта қарастырылған буферлі аймаққа Ресей әскерінің кіргізілуіне келіспейтінін мәлімдеген еді. «Біздің өзіміздің әскери позициямызды (Идлибтегі) күшейтіп жатқанымыз рас. Біз ол жақтағы бақылау нысандарымызды күшейте алмасақ, өзге біреу бастаманы өз қолына алуы мүмкін. Әрине, бұдан бейбіт тұрғындар зардап шегетін болады», - деп жазады Haber Turk басылымы Түркия президентінің сөзіне сілтеме жасап.