Қытай Американың кезекті сауда салықтар туралы мәлімдемесі аясында өтуі жоспарланған сауда келіссөздерінен бас тартуы мүмкін. Бұл туралы Би-би-си агенттігінің түрік қызметі хабарлайды.
Бұдан бұрын ақпарат көздері АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнученнің ҚХР-ның Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэні қыркүйек айының 20-да сауда-саттық істеріндегі қарама-қайшылық бойынша жаңа келіссөздер жасауға шақырған еді. Алайда, Қытай тарапы: «Егер АҚШ қосымда салықтар енгізетін болса, Қытай тарапы мүлде бармауы мүмкін... Басына қару кезеліп тұрғанда Қытай ешқандай келіссөздерге қатыспайды», - деп жауап берді. Сонымен қатар, «The Wall Street Journal» журналы да Қытайдың Уашингтондағы делегациясымен арадағы сауда келіссөздері 27-28 қыркүйекте өтуі керектігін, ал 17-18 қыркүйекте АҚШ-тың Қытайдың 200 миллиард долларлық тауарларына қосымша 10-пайыздық салық енгізу туралы хабарлайтынын жазған еді.
Бәрімізге белгілі, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы үстіміздегі жылдың 6 шілдесінде осы мемлекеттер арасында екіжақты кедендік салықтар күшіне енгеннен кейін басталған еді. Ал, тамыз айында Уашингтон тағы да салық енгізіп, Қытай да өз кезегінде қарсы салық салған болатын.