Сауд-Арабиясы Канадаға салатын барлық инвестициясын тоқтатып, канадалық елшіні «персона нон-грата» деп жариялады. Сауд-Арабиясының мұндай қадамға баруына әйелдердің автокөлік жүргізуіне байланысты билікке қарсы шығушы белсенділерінің тұтқындалуына қатысты Оттаваның қатал сын айтуы себеп болған. Бұл туралы саудиялық «Saudi Press Agency» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Еске салайық, осы жылдың маусым айында Сауд-Арабиясы саудиялық әйелдердің автокөлік жүргізулеріне салынған тыйымды алып тастаған еді. Саудия билігі осы шешімінен аз уақыт бұрын аталған құқыққа қарсы шығушы бірнеше белсендіні қамауға алған болатын. Енді, өткен аптаның жұмасында Канаданың СІМ Сауд-Арабиясын құқық қорғаушыларды «тез арада босатуға» шақырып, министрлік басшысы Христя Фриланд осы оқиғаға қатты алаңдайтынын білдірген еді.  Осыған жауап ретінде Сауд-Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Канада елдің ішкі істеріне араласуда деп, қатаң жауап жасаған еді. «Бұл —  корольдіктің  заңдарын аяқ асты ету, бұған көз жұмып қарау мүмкін емес. Сонымен қатар, бұл — корольдіктің егемендігін бұзу болып саналады. Өзінің ұзақ жылғы тарихы бойынша Сауд-Арабиясы ешқашан өздерінің ішкі істеріне бөтен елдің араласуына немесе қандай да бір мемлекеттің бұйрық етуіне жол бермеген. Канаданың бұдан  кейін бізге ішкі ісімізге бағытталған  кез келген қадамы біздің де Канаданың ішікі істеріне араласуға  болатынын білдіреді » , - деп мәлімдеген Сауд-Арабия СІМ.  Осылай мәлімдеме жасаған Сауд-Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Канадамен арадағы барлық саудалық және инвестициялық операцияларды бұғаттағаны туралы хабарлаған. Сонымен қатар, Сауд-Арабиясы өзінің Канададағы елшісін кері қайтарып, Канаданың Сауд-Арабиясындағы елшісін «персона нон-грата» ретінде жариялаған. Енді, канадалық дипломат Сауд-Арабиясынан 24 сағат ішінде дереу кетуі тиіс.

“The Qazaq Times”