Республикалық чемпионат биыл алғаш рет жаңартылған форматта ұйымдастырылмақ. Алғашқы сайыс 15-18 маусым аралығында Риддер қаласына өтеді. Оған 300-ге жетеғабыл спортшы қатысады деп күтілуде.
Кейінгі додалар Петропавлда ұйымдастырылады. Жарыс жеңімпаздарына Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева атындағы кубок тапсырылмақ. Одан бөлек, бағалы сыйлықтар да қарастырылған.
«Осы маусымнан бастап біз жарыстың форматын өзгертпекпіз. Біз ең алдымен, республикалық чемпионат кезеңдерінің географиясын кеңейтіп жатырмыз - бұған дейін жарыстар жылына екі рет бір ғана орында өткізілді, еліміз байтақ, аумағы үлкен,
тиісінше көптеген жас спортшыларымыз жарыс ордасына жете алмады. Осы маусымнан бастап, турнирлер биатлон орталықтары бар облыстарда өткізіледі. Жаңа бастама елдің түрлі өңірлерінен келетін балалар саны көрсеткішін үш есе ұлғайтады деп есептейміз», - деді Е. Хрусталева.
Қазақстандағы биатлон маусымының финалында елімізде алғаш рет балалардыңОлимпия күні ұйымдастырылмақ. Бұл бастама 2020 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін балалар мен жасөспірімдер Олимпиадасында жас қазақстандық спортшылардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне бағытталған.