Бүгін Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасында Астанадағы «Шипалы» емдеу орталығының бас дәрігері, денсаулық сақтау саласының үздігі, м.ғ.к. Қайрат Айдарханұлының төрт бірдей кітабының тұсаукесері болды.
Кеш барысында Қайрат Айдарханұлының жеке өзінің «Қазақ емшілігі», «Арқа төрінде», «Сыр мен Сауыр арасы» және жазушы Жәди Шәкенұлымен бірлескен «Алтай алыптары» атты кітаптары көпшілікке таныстырылып, кеш қонақтарына да таратылды. Дәрігердің кітаптары түрлі тақырыпқа бағытталған. Мәселен, «Қазақ емшілігі» кітабына Қайрат Айдарханұлының ұзақ жылдарғы еңбектері мен зерттеулері енгізілген. Одан бөлек, аталған кітапта қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілер, табиғи емдеу жолдары топтастырылған.
Кешке майталман ақын-жазушылар, елімізге белгілі баспагерлер, БАҚ өкілдері мен қалалық кітапхана меңгерушілері қатысты. Соның ішінде, белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, академик Мақсұт Темірбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Уатқан Сәйфілұлы, медицина ғылымдарының кандидаты Исатай Әзімұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Аманхан Әлімұлы, Алматы қаласы ОКЖ-нің директоры Роза Қасымбекқызы сынды қонақтар арнайы сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
«Атадан балаға жалғасқан асыл сөзіміз құнын жоймай ғасырлар қойнауынан бізге жетті. Біз енді бұл мұраны байытып, оны бүгінгі күннің озық технологиясымен бірлестіріп, келер ұрпаққа жеткізуіміз керек» , - деген Қайрат Айдарханұлы ұзақ жылғы еңбектері мен ізденістерін өзгелермен де бөлісіп әрі шығармашылықпен байланыстыруды мақсат еткен. Қазірде оның жоғарыда аталған кітаптары Астана мен Алматы қалаларындағы кітапханалардың барлығына тегін таратылған.