Boeing компаниясы болашақта «ғарыш таксиі» болуы тиіс зымыранын құрастыруды бастады.
Жақында Boeing әуе-ғарыш корпорациясы Халықаралық ғарыш айлағына жүк тасымалдайтын Atlas V зымыраны мен адам тасымалдайтын СST-100 Starliner зымырандарын құрастыруды бастаған. Қарапайым халық арасында СST-100 Starliner зымыранын «ғарыш таксиі» деп атап кеткен. Бірақ аталмыш зымыран әлі құрастырылып бітпеген. Бірақ бұған қарамастан Boeing корпорациясы «СST-100 Starliner зымыранын 2018 жылы пайдалануға береміз» деп мәлімдеген. Ал Atlas V жүк тасымалдағыш зымыранын құрастыру жұмыстары қазіргі таңда аяқталу үстінде көрінеді.
Айта кететін бір жайт, бұған дейін АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі Халықаралық ғарыш айлағына қандай да бір жүкті немесе адамды жеткізу үшін ресейлік «Союз» зымыранын пайдаланып келген. Осыған байланысты NASA өткен жылы «Commercial Crew» бағдарламасын жариялаған. Қазіргі таңда аталмыш бағдарлама бойынша осы саланың алпауыттары саналатын Boeing және SpaceX компаниялары жұмыс жасауда. Жоғарыда аталған зымырандардың барлығы осы бағдарлама негізінде құрастырылуда.