Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қырғыз кеден қызметін қатаң сынға алды.
Қазақ премьер-министрінің сөзінше, Қазақстан осыған дейін де қырғыз кеден қызметі тиісті деңгейде жұмыс істемейтіндігін айтқан және осы жолғы қазақ-қырғыз шекарасында болған даудың шығуына басты себепкер Қырғызстан тарапы. Өйткені осы уақытқа дейін қырғыз билігі ЕАЭО елдерінің өзге мүшелеріне кеден қызметі бойынша жалған ақпарат беріп келген. Оған дәлел ретінде Сағынтаев мырза соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтерді мысалға келтірді.
Бақытжан Сағынтаевтың пікірінше, Қырғызстан билігі 2015 және 2017 жылдары аралығындағы Қытаймен арадағы сауда айналымының құнын ЕАЭО елдеріне үш есе төмен етіп көрсеткен. Қытай тарапы берген статистикалық мәліметтер бойынша, 2015 жылы Қытайдан Қырғызстанға құны 4,3 млрд долларды құрайтын тауар кірген. Бірақ қырғыз кеден қызметі ЕАЭО елдеріне бұл көрсеткішті 1 млрд доллар деп көрсеткен. Ал 2016 жылы Қытай кеденінің есебі бойынша, «экспорт Қытай – импорт Қырғызстан» бағытындағы тауар айналымы 5,6 млрд доллар болған. Бұл жерде де Қырғыз кеден қызметі ЕАЭО елдеріне жалған ақпарат беріп, Қытайдан келетін импорт көлемін 1,5 млрд доллар деп көрсеткен.
Бір сөзбен айтқанда егерде Сағынтаев мырза келтірген статистикалық мәліметтер рас болатын болса, онда Қырғызстан билігі осы уақытқа дейін қазақ-қырғыз шекарасындағы жеңілдіктерді пайдаланып, ЕАЭО елдері мен Қытай арасында делдалдықпен айналысып келген.