Каталонияның ең ірі банктерінің бірі Sabadell штаб пәтерін Испанияның Аликанте қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Олар мұндай шешімді банк басқармасының шұғыл кездесуінен кейін қабылдаған және бұл Каталонияның Испаниядан бөлініп шығу туралы шешімімен байланысты болуы мүмкін.
Бұдан бөлек Reuters агенттігінің мәліметінше, аталған банктің бәсекелесі Caixabank те Католониядан штаб пәтерін ауыстыру туралы жиналыс өткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты Мадрид билігі де қаржы институттарының Каталониядан көшуін жеңілдететін бұйрық шығаруды қарастырып жатқан көрінеді. Ал ол бұйрық шықса, каталондық банктер акционерлер жиналысын өткізбей-ақ, заңды мекен-жайын өзгерте алады.
Дегенмен банктердің көшіп кетуі Каталонияның қаржы саласына қатты соққы болары анық.
Айта кетейік, Каталонияның тәуелсіздік үшін өткізген референдумы кезінде болған қақтығыс салдарынан кейбір кредит агенттіктері елдің рейтингін төмендетіп жатыр. Мысалы 5 қазан күні Fitch рейтинг агенттігі "көтпеген күтпеген оқиғалардың болуына байланысты" Каталонияның кредиттік рейтінгі төмендеуі мүмкін екенін айтқан. Standard & Poor’s агенттігі болса, аталған елдің рейтингін "B+/B" деңгейінде белгілеп, "алдағы үш айда бәсеңдеуі мүмкін" деп мәлімдеді.