ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов "Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы аясында 2017 жылға 85,3 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
Вице-министрдің сөзінше, бағдарламаның бірінші бағыты аясында 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҰБТ-дан өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері тегін кәсіби және техникалық білім берумен қамтамасыз етіледі.
21 мыңға жуық жастар 2,5 жылға КжТБ оқуға жіберіледі, олардың оқуларының ақысы әрі шәкіртақысы, жол жүруге жұмсайтын ақшалары төленеді және бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, 1 сәуірден бастап нарықта сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіптер бойынша жұмысшы мамандарды қысқа мерзімді кәсіби оқыту жұмыстары басталған. Бүгінде қысқа мерзімдік курстарға 27,7 мың адам бағытталған.
Биылғы жылдың 1 тамызындағы деректер бойынша, бағдарламаға қатысуға 276,2 мың адам өтініш білдірген, олардың 248,4 мыңы (90%) бағдарлама қатысушыларының құрамына қосылды. Қатысушылардың құрамына қосылғандардың қатарында жұмыссыздар – 200 мың адам (80,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 48,4 мың адам (19,5%). Есеп беру күніне 213,9 мың адам жұмысқа орналастырылды, олардың 178,3 мыңында (83,4%) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бар. Тұрақты жұмыс орнына жұмыспен қамтылғандардың 56,1% (119,9 мың адам) орналасты.
Айта кетейік, Қазақстанда кәсіби техникалық мамандыққа қызығушылық аз деуге болады. Бұған түлектер арасындағы тек ЖОО-ға түсу сияқты қалыптасқан қағидалар мен мекеп қабырғасында жүрген кезде балаларға дұрыс кәсіби бағдардың берілмеуі себеп.