Қызылорда облысында коммуналдық қызметтердің бірыңғай төлем жүйесі енгізілмек. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен осы мәселелеге арналған кеңес өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Бірыңғай төлем құжатының басты мақсаты - тұтынушылардың көрсетілген қызметтер бойынша төлем жүргізуін жеңілдету, яғни қызмет көрсетуші мекемелерді араламай, барлық қызметтерге бір жерден төлем жасау, тиімсіз төлемдерді қысқарту болып табылады. Аталған тәжірибе Астана, Алматы қалаларында кеңінен қолданылуда»,- деп атап өтті аймақ басшысы.
Шілде айында қаланың «Ақмешіт» және «Мерей» мөлтек аудандарында бірыңғай төлем құжаты пилоттық жобасы іске асырыла бастайды. Ал, ағымдағы жылдың күзінде қала түгелдей бұл жүйеге қосылатын болады. Бұл туралы мәжілісте «Қызылорда жарығы» холдингтік бірлестігінің атқарушы директоры Еркебұлан Есенбаев және облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдеді.