Алматыда белгілі журналист, саяси тұтқын Думан Мұхаммедкәрімнің айналасындағы соңғы жағдайларға байланысты кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға қамаудағы журналистің әкесі Алмас Тілепов, адвокат Ғалым Нұрпейісов, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы және құқық қорғаушылар қатысты.
Баспасөз жиынын ашқан Рысбек Сәрсенбайұлы Қызылорда қаласындағы №60 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы күн санап нашарлап, оған жасалып жатқан психологиялық және физикалық қысымның шектен шыққанын мәлімдеді.
«Ұлымның өмірін сақтап қалуды талап етемін»
Баспасөз мәслихатында сөз алған Думанның әкесі Алмас Тілепов ұлының өміріне тікелей қауіп төніп тұрғанын айтып, заңды органдардан шұғыл араша түсуді сұрады.
«Мен ұлымның тірі қалғанын қалаймын! Оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілсін. Оны осындай жағдайға жеткізген барлық мән-жай анықталып, күнәлі адамдар болса, заң алдында жауап берсін. Мен ертең ұлымның қайтыс болғаны туралы хабар естігім келмейді. Ұлымның өмірін сақтап қалуды, оны қорғауды және шындықтың анықталуын талап етемін», — деді А.Тілепов.
Думанның әкесінің айтуынша, ол 600 күннен астам уақыт бойы жалғыз адамдық тәртіптік оқшаулау орнында (ДИЗО) заңсыз ұсталып келеді. Өзінің арыз-шағымдарының сыртқа шықпауына және заңсыздықтарға қарсылық ретінде журналист тамыз айының аяғынан бері аштық жариялап, кейін ішкі органдарына зиян келтіретін бөгде заттарды (бұранда, магнит, дәрілер) жұтуға мәжбүр болған.
Сонымен қатар, мекемедегі қысымның салдарынан Думанның өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне дейін барғаны хабарланды. Әкесі ұлының осындай тығырыққа тірелуіне түрме әкімшілігінің, соның ішінде мекеме басшысының міндетін атқарушы Ерік Махановтың заңсыз әрекеттері мен қоқан-лоққылары себеп болғанын алға тартты.
Ресми арыз: Ерлан Карин, Аида Балаева және Бас прокуратураға үндеу
Журналистің отбасы мен қорғаушылары бұл мәселе бойынша тек Бас прокуратураға ғана емес, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Каринге, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаеваға және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шұғыл арыз-шағым жолдағанын жеткізді.
Арызда төмендегідей нақты талаптар қойылған:
-
Тәуелсіз комиссия құру: Қызылордадағы №60 мекемеге ҰҚК, ІІМ, Прокуратура және тәуелсіз құқық қорғау ұйымдары өкілдерінен құралған арнайы комиссия жіберіп, шұғыл тексеру жүргізу;
-
Медициналық көмек: Думанды мекемеден тыс тәуелсіз мамандандырылған ауруханаға жеткізіп, ішкі органдарына толық медициналық сараптама жасау;
-
Қылмыстық іс қозғау: Оқиғаны Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзін-өзі өлімге жеткізу) және 146-бабы (Азаптау) бойынша тексеріп, күнәлі тұлғаларды жауапқа тарту;
-
Қауіпсіз орынға ауыстыру: Журналистке төнген қауіпті ескере отырып, оны Алматы қаласындағы мекемеге немесе қауіпсіз орынға ауыстыру.
Адвокаттар мен қоғам өкілдерінің ұстанымы
Адвокат Ғалым Нұрпейісов өз сөзінде пенитенциарлық жүйеде отырған азаматтың өмірі мен денсаулығына мемлекет тікелей жауапты екенін атап өтті:
«Адамның түрмеде отыруы оның фундаменталды адамдық құқықтары мен өмір сүру құқығынан айырмайды. Независимо от того, согласен ли Думан с приговором, государство обязано обеспечить его безопасность. Мы требуем принять безотлагательные меры по сохранению его жизни», — деді адвокат.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында Тараздан арнайы Қызылордаға барып, Думанмен жүздесіп қайтқан белгілі адвокат, ақсақал Абдулла Бақбергенұлының бейнежолдауы көрсетілді. Ол мекемедегі тек Думанға емес, өзге де қамаудағы азаматтарға (Бердімұратов, Амангелді Исаханов, Серікбай Нарашбаев, т.б.) жасалып жатқан қысымдар бар екенін растады.
Жиын соңында қатысушылар билік өкілдерін түрмедегі заңсыздықтарды тоқтатуға, саяси көзқарасы үшін ұсталған азаматтардың ісін қайта қарауға және елдегі азаматтық диалогты орнатуға шақырды.


















10 КҮНДЕ НЕ ӨЗГЕРДІ? Покровск маңындағы қасап, дрон соғысы және жаңа Бас қолбасшының тактикасы
Алмасбек Садырбай ісі: Протоколдағы «күмәнді» кол қоюлар, Павлодардағы жоқ шығын және тоқтатылған беттесулер
Майдан шебіндегі бетбұрыс: Киевтің «технократиялық төңкерісі» және соғыстың жаңа доктринасы
Ресейге қысым: «Патриот» жүйесі мен Трамптың Зеленскийге мақтауы нені аңғартады?
Субсидия дауы: 27-томдағы жұмбақ. Алмасбек Садырбайдың денсаулығы сыр берді
Алмасбек Садырбайдың соты. Айыптау актісінің заңсыздығы мен қолдан өсірілген миллиондар