24 шілде. Қонаев қалалық соты. Алмасбек Садырбай мен өзге де азаматтарға қатысты өтіп жатқан сот отырысында тергеу органдарының жіберген өрескел қателіктері мен айыптау актісіндегі қайшылықтар бірінен соң бірі шығып жатыр. Кезекті сот отырысы жәбірленуші деп танылған төрт облыстың бірі Павлодар облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілінің сұрақ-жауабымен басталды. Адвокаттардың өткір сұрақтары мен судьяның нақтылауы барысында бұл істегі Павлодар облысы бойынша тағылған айыптың негізсіз екені толықтай әшкере болды.

4 күндік танысу протоколы және «бәрін ұмытқан» өкіл

Сот отырысының алғашқы бөлігі Павлодар облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы   өкілі Владлен Пактан жауап алумен өрбігі. Қорғаушы тарап іс материалдарындағы (31-том, 46-бет) протокол бойынша Пактың қылмыстық іспен толық 4 күн бойы танысқаны туралы құжатқа тоқталды.

Жарты сағаттық «танысу»: Қорғаушылардың: «Іс материалдарымен қанша уақыт таныстыңыз?» деген сұрағына Ауыл шаруашылығы басқармасы   өкілі бастапқыда тек 30–40 минут қана қарағанын айтты.

Қолхат пен Билеттер қайшылығы: Сот залында өкілдің іспен 4 күн бойы толық танысқаны туралы қол қойған протоколы көрсетілгенде, ол: «Есімде жоқ, қатты шаршаған болармын», — деп жауап берді.

Заңсыздыққа назар аударту: Адвокат Құсайынова Ауыл шаруашылығы басқармасы   өкілінің материалдарды оқымай, көз жұмып қол қоя беретінін айыптады. Өйткені, дәл осындай салғырт өкілдердің кесірінен істің бұрмаланып, азаматтардың айлар бойы заңсыз қамауда отырғанын баса айтты. Қорғаушы тарап осы жайт бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің атына жеке қаулы шығаруды талап етті.

Павлодар облысында залал бар ма? Ауыл шаруашылығы басқармасы   өкілінің жауаптан қашуы

Судья мен адвокаттардың: «Алмасбек Садырбайдың немесе басқа сотталушылардың әрекетінен Павлодар облысы Ауыл шаруашылығы басқармасына мүлдем мүліктік немесе қаржылық шығын (ущерб) келді ме?» деген ашық сұрағы сот залында үлкен дау тудырды.

Сұрақтан қашу: Ауыл шаруашылығы басқармасы   өкілі Владлен Пак бұл сұраққа нақты жауап бере алмай, бірнеше рет жауаптан қашты.

Істің негізгі түйіні: Алмасбек Садырбайға қатысты айыптың негізі — ұсақ малды (қойды) қолдан ұрықтандыру субсидиясы болып табылады. Ал Павлодар облысы бойынша қылмыстық іске «СПК Сатпаев Агро» ЖШС-нің 4 бас бұқа (КРС) сатып алуға берген 600 мың теңгелік өтінімі ғана енгізілген.

Судьяның нақтылауы: Судьяның тікелей қойған сұрағынан кейін, Павлодар облысы бойынша бұл іске қатысты ұсақ малға (отарлы қойға) қатысты ешқандай өтінімнің де, шығынның да жоқ екені, аталған КРС өтінімінің бұл іске қателікпен қосылып кеткені айқындалды.

"Бұл дегеніміз — Павлодар облысы Ауыл шаруашылығы басқармасына Алмасбек Садырбай тарапынан ешқандай шығын келтірілмегенін және бұл органның бұл істе мүлдем жәбірленуші бола алмайтынын дәлелдейді." — Қорғаушы тарап

Айыптау актісіндегі шикілік: Мүйізді ірі қара ма, әлде уақ мал ма?

Сот отырысының екінші бөлігінде де субсидия өтінімдерінің кодтары мен бағыттарына қатысты тергеу органдарының жіберген өрескел қателіктері сөз болды. Адвокаттардың айтуынша, тергеу тарапы айыптау актісін жасауда барлық өтінімдерді бір қоржынға салып, мән-жайды анықтамастан айып таққан.

Кодтардың шатасуы: Адвокат Кусаинова субсидия өтінімдерінің арнайы кодтарға бөлінетінін хабарлады:

012 — Мүйізді ірі қара малдың еркін шағылысуы;

037 — Ұсақ малдың қолдан ұрықтандырылуы;

039 — Ұсақ малды бордақылау.

Негізсіз айыптар: Қорғаушы тарап бұл қылмыстық істе тек ұсақ малды қолдан ұрықтандыру (037) бойынша субсидиялар қарастырылуы тиіс екенін ескертті. Ал айыптау актісіне Мүйізді ірі қара малдың еркін шағылысуы (012) мен бордақылауға (039) арналған өтінімдер заңсыз қосылып кеткен.

Зиянның қолдан өсірілуі: Жәбірленуші тарап өкілдері бұл өтінімдердің бағыттары бөлек екенін және іс аясында Мүйізді ірі қара малдың бойынша заңбұзушылық айыбы тағылмайтынын мойындады. Бұл өз кезегінде тергеудің «келтірілді» деген шығын көлемін қолдан көбейтіп көрсеткенін айғақтайды. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен СПК арасындағы қайшылықтар

Сотта Алматы және Жетісу облыстары бойынша бөлінген субсидиялардың заңдылығы да қаралды.

Шағымның болмауы: Адвокаттардың «СПК -лардан немесе фермерлерден Алмасбек Садырбай мен басқа да сотталушылардың субсидия ақшасын тартып алғаны бойынша арыз-шағым түсті ме?» деген тікелей сұрағына, жәбірленуші тарап өкілі: «Жоқ, ешкім шағымданған жоқ», — деп жауап берді.

Ақшаның қайда кеткені белгісіз: Ақшалай субсидиялар сотталушыларға емес, Ауыл шаруашылығы басқармасы тексергеннен кейін ресми СПК -лардың есепшотына түскен. Алайда тергеу сол СПК басшыларынан қаражаттың қайда жұмсалғанын толық тексермей, тікелей Садырбайға айып тағуға асыққан.

27 СПК және тоқтатылған бетпе-бет тергеу

Сотта сөз алған сотталушы Алмасбек Садырбай өзінің 21 айдан бері қамауда отырғанын және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ашық сынағаны үшін осылай қуғынға ұшырағанын өкінішпен жеткізді. Ол тергеу органдарының шындықты ашуға мүдделі болмағанын нақты айғақтармен келтірді.

Тоқтатылған процестер: Іс бойынша 27 СПК фигурацияланады. Алайда тергеу барысында тек бір ғана СПК басшысымен («Райымбек Қазна» басшысы Раушан Тоқсиитова) бетпе-бет тергеу жүргізілген.

Нәтиженің тергеуге жақпауы: Бетпе-бет тергеуде Раушан Тоқсиитова Садырбай тарапынан ешқандай бопсалау немесе ақша талап ету фактісі болмағанын айтқан. Бұдан кейін ғимаратта күтіп тұрған 10-ға жуық СПК басшысымен бетпе-бет тергеу жүргізілмей, тергеушілер процесті кілт тоқтатып, адамдарды қайтарып жіберген.

Куәгерлер тізімінен жоғалуы: 600–700 миллион теңге көлемінде ең ірі субсидия алған осы «Райымбек Қазна» басшысы соңында айыптау тарапының куәгерлер тізімінен мүлдем алынып тасталған.

Процестің алдағы барысы

Бүгінгі отырыста қорғау тарабы тергеу органдарының істі асығыс, сапасыз және заңбұзушылықтармен жүргізгенін кезекті мәрте дәлелдеп берді. Бұл негізсіз айыптаулар мен жасалған хаттамалар бойынша тиісті сараптамалар тағайындауды және өтінімдерді істен шығаруды талап етуде. Сот процесі алдағы күндері басқа да куәгерлер мен коммерциялық ұйымдар өкілдерінен жауап алумен жалғасады.

The Qazaq Times