Ауыл шаруашылығы субсидиясына қатысты Қонаев қаласында өтіп жатқан шулы сот процесінде тағы да заң бұзылғаны әшкере болды. Прокурорлар дайындаған 500 томдық қылмыстық істің сиқы және мемлекет атынан жәбірленуші болып отырған өкілдердің сауатсыздығы сот залындағыларды жағасын ұстатты.
Процесс тілінің бұзылуы: Орыстілді қызметкер қазақша құжатқа қалай қол қойған?
Сот отырысында белгілі болғандай, Павлодар облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Владимир Пак іс бойынша мемлекет атынан жәбірленуші ретінде қатысып отыр. Алайда, қорғаушы тарап оның сотқа дейінгі тергеу кезінде өз құқықтары түсіндірілген қаулыға және өзін жәбірленуші ретінде тану туралы маңызды заңдық құжаттарға қазақ тілінде қол қойғанын анықтады.
Сот залында айыпталушы Алмасбек Садырбайдың «Мемлекеттік тілді білесіз бе, бұл құжаттардың мәнін түсіндіңіз бе?» деген сұрағына В. Пак:
«Мен мемлекеттік тілді (қазақ тілін) мүлдем білмеймін, қазір маған аудармашы керек», – деп жауап берді.
Қорғаушы тарап бұл жайтты Қылмыстық іс жүргізу кодексін (ҚІЖК) өрескел бұзу деп атады. Тілді білмейтін азаматқа тергеу амалдары кезінде заңды түрде аудармашы берілмеген, ал шенеунік істің мән-жайын түсінбестен, тергеушілер дайындап қойған хаттамаларға соқыр түрде қол қоя салған. Заң бойынша, іс жүргізу тілінің бұзылуы бұл тергеу құжаттарының ғана емес, алдағы уақытта шығатын кез келген сот актісінің күшін жоюға жеткілікті негіз болып табылады.
«Бұқа мен қойды шағылыстыру»: Айыптау актісіндегі абсурд
Соттағы ең сорақы жайт айыптау актісінің мазмұнынан көрінді. Прокуратура кәсіпкерлерге «Сақтандыру және асыл тұқымдық қой шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік субсидияны заңсыз иемденді» деген айып таққан. Құжатта «Satbaev-agro» кәсіпорынының қойлардың аналық басымен селекциялық жұмыс жүргізгені жазылған.
Бірақ сотта жауап алу барысында жәбірленуші Пактың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Менің білуімше, ол жерде өтінім тек ірі қара малға, яғни бұқаларға қатысты болған. Қойларға қатысты ештеңе жоқ», — деді басқарма өкілі.
Айыпталушы Алмасбек пен оның адвокаты бұл айыптаудың ешқандай логикаға сыймайтынын, тергеу органдарының республикалық деңгейдегі «ұйымдасқан қылмыстық топ» (ҰҚТ) жасау үшін істі қолдан құрастырғанын мәлімдеді.
Адвокат Құсайынова өз сөзінде былай деді:
«Айыптау актісіне қарасақ, Павлодар облысында бұқалар мен қойларды шағылыстырған секілді күлкілі жағдай туындайды. Мұндай өтінімдер мүлдем болған емес. Кәсіпкерлер бұқа сатып алған, оның ақшасы төленген, сараптама оны растап отыр. Бұл бұқалар сот барысында қойға айналып кетпейді. Бұл – таза заңсыздық!»
Айыпталушы А. Садырбай бұл қателіктің кесірінен 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупімен, 2024 жылдың қарашасынан бері тергеу изоляторында (СИЗО) қамауда отыр.
500 томды 2 сағатта «оқып шыққан» жәбірленуші
Адвокаттар іссапар құжаттарын көтере отырып, Павлодар облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің Қонаев қаласындағы арнайы прокуратура ғимаратында небәрі 2-3 сағат қана болғанын дәлелдеп берді.
Жәбірленуші өкілі В. Пак басында іс материалдарымен толық таныстым дегенімен, адвокаттардың қыспағына шыдамай:
«Жоқ, мен 500 томды түгел оқыған жоқпын. Тек бізге қатысты жерін прокурордың өзі көрсетіп, түсіндіріп берді», – деп мойындады.
Бұл жайт мемлекет атынан айып тағып, адамдарды түрмеге отырғызғысы келіп отырғандардың істің мән-жайын өздері де толық білмейтінін көрсетеді. Олар тек прокурорлардың айтқанымен жүріп, дайын құжаттарға қол қоюшы «инструментке» айналған.
Аудармашылар тапшылығы және адам құқығының аяққа басылуы
Сот процесінің айлар бойы созылып, айыпталушының түрмеде отыруына тағы бір себеп — соттағы сауатты аудармашылардың жоқтығы. Қорғаушы тарап әр апта сайын кәсіби емес аудармашылардың кесірінен соттың кейінге қалатынын, бұл уақыт ішінде сотталушылардың адам төзгісіз жағдайда қамауда отырғанын жеткізді.
Айыпталушы мен адвокаты сотқа ресми түрде талап қойды: егер сот сауатты аудармашы тауып, процесті заң шеңберінде жүргізе алмаса, онда айыпталушыны үй қамағына немесе кепілмен босату керек. Жеке азаматтардың тағдыры мемлекеттік органдардың немқұрайлылығы мен сауатсыздығының құрбаны болмауы тиіс.
«The Qazaq Times» бұл шулы сот процесін ұдайы бақылап, оқырманға алдағы уақытта да эксклюзивті материалдар мен өткір тақырыптарды ұсынуды жалғастырады.

















Субсидиялар заңды төленген бе? Соттағы жауаптар айыптау тұжырымдарын қайта қарауға негіз бола ала ма?
Майдан мен тылдағы қажыту соғысы: 12-14 шілдедегі әскери-стратегиялық ахуал
Уақытша бітімнің соңы: АҚШ пен Иран арасындағы текетірес неліктен қайта ушықты?
Ресейге қысым: «Патриот» жүйесі мен Трамптың Зеленскийге мақтауы нені аңғартады?
Субсидия дауы: 27-томдағы жұмбақ. Алмасбек Садырбайдың денсаулығы сыр берді
Алмасбек Садырбайдың соты. Айыптау актісінің заңсыздығы мен қолдан өсірілген миллиондар