ҚОНАЕВ. «The Qazaq Times»  Қонаев қалалық сотында Алматы және Жетісу облыстарындағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне  берілген субсидияларға қатысты атышулы қылмыстық істі талқылаудың түстен кейінгі отырысы кезекті жанжалмен басталды. Сот процесі тек экономикалық айыптаулар төңірегінде емес, адам құқықтарының өрескел бұзылуы мен жоғары тұрған сот органдарының қысым жасау әрекеттері аясында өрбіп жатыр.

«Қорғауымдағы азаматты дәлізде сүйреп, жерге жыққан»: Адвокат мәлімдемесі

Сот залында төрағалық етуші судья шығып кеткеннен кейін, үзіліс кезінде қорғаушы тарапқа белгілі болған сорақы деректер жария етілді. Айыпталушы Алмасбек Садырбаевтың адвокаты Анар Құсайынова сот отырысы басталған бойда ресми мәлімдеме жасап, Қылмыстық кодекстің 362-бабы яғни «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша іс қозғауды талап етті.

Адвокаттың айтуынша:

19 маусым күні сот аяқталғаннан кейін, Қонаев қалалық сотының екі қызметкері (болжам бойынша сот приставтары) күзет (конвой) қызметінің құзыретіне араласып, айыпталушы Алмасбек Садырбаевқа күш қолданған. Оны сот дәлізінде жерге құлатып, сыртқа қолтығынан сүйреп шығарған.

25 маусым күні кешке дәл осындай жағдай қайталанған. Бұл жолы қалалық сот қызметкерлеріне Алматы облыстық сотынан келген тағы екі пристав қосылып, айыпталушыға агрессивті түрде күш көрсеткен. Айыпталушының көмек сұрап, «102» қызметін шақыруды талап еткен дауысы әлеуметтік желілерде тараған.

Анар Құсайынова, адвокат:

«Сот приставтарының міндетіне айыпталушыларды сот ғимаратынан күштеп алып шығу кірмейді. Ол үшін арнайы полиция конвойы бар. Менің жоқтығымды пайдаланып, қорғауымдағы азаматқа қол көтеру  бұл заңсыздық. Мен сот ғимаратындағы бейнекамералардың жазбасын алу үшін адвокаттық сұраныс жолдаймын және бұл істі Жоғарғы сот әкімшілігіне дейін жеткіземін».

Айыпталушының өзі де мемлекеттік айыптаушы Санаваевтың бұл заңсыздықтарды көре тұра, залынан қашып шығып кеткенін, өзін қорғаудан бас тартқанын айтып, наразылық білдірді: «Маған мұндай заңсыздыққа көз жұматын, өз антына адал емес прокурордан қорқынышты», — деді ол.

Облыстық соттың «тыңшысы» залда не істеп жүр?

Соттағы тағы бір үлкен дау Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінің өкілі мен өзге де лауазымды тұлғаларының сот залында мемлекеттік айыптаушы мен хатшының қасында, жұмыс уақытында азаматтық киіммен отыруы.

Қорғаушы тарап бұл заңдылықты тікелей бұзу және төменгі сатыдағы судьяға жоғары тұрған сот тарапынан жасалып жатқан жасырын психологиялық қысым деп бағалады. ҚР Конституциясына сәйкес, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судьяларға қандай да бір ықпал етуге тыйым салынған. Қорғаушы Құсайынова облыстық соттың бұл қызметкерінің жұмыс уақытында не себепті залда отырғанын сұрады. Судья бұл мәселені назарға алатынын айтты.

Субсидия дауы: Айыптау актісіндегі сомалар «көпіршік» пе?

Процестің екінші бөлімінде Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі, ресми бас маманы әрі заңгері Арнай Азамат жауап берді. Оның жауаптары істегі қаржылық шығындардың негізсіз екенін және тергеу органдарының есеп айырысуда өрескел қателіктер жібергенін көрсетті.

Адвокат Анар Құсайынованың заңды тұрғыда жүргізген сұрақ-жауабынан кейін, Жетісу облысының атына жазылған миллиондаған шығындардың іс жүзінде бұл аймаққа еш қатысы жоқ екені дәлелденді.

Неліктен сомалар сәйкес келмейді?

2022 жылға дейін бұл аймақ Алматы облысының құрамында болған, ал Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасы тек 2023 жылдың мамыр айынан бастап қана ресми жұмыс істей бастаған. Алайда, айыптау актісінде 2021-2022 жылдардағы ескі төлемдердің барлығын қазіргі Жетісу облысына «зиян» ретінде жауып қойған.

Адвокат пен басқарма өкілінің айғақтары негізінде  300 млн теңге көлеміндегі ақша Жетісу облысымен қатысы жоқ болып шықты. Бұл сан алдағы сот отырысында тағыда өсуі мүмкін.

Басқарма өкілі Азамат Маратұлы сот алдында тергеу кезінде ешқандай азаматтық шағым түсірмегендерін және алдағы уақытта талап арыз берген кезде бұл цифрларды қайта қарайтындарын айтты. Сонымен қатар, басқарма өкілінің тергеу амалдарына қанша рет келгені және құжаттармен қашан танысқаны туралы түсініктемелерінде қайшылықтар туындап, адвокат оны «жалған айғақ беру» деп айыптады. Судья жәбірленуші өкіліне ескерту жасап, барлық іссапар құжаттарын сотқа өткізуді міндеттеді.

Сот процесі аяқталған соң, шығын көлемінің азаюына қатысты Алмасбек Садырбаевтан пікір сұрадық.

Ол: «Бұл тергеудің қателігі. Тападай тал түсте 300 миллион теңгеге қате жіберген. Істің де, тергеудің де шалалығы осындай нәтижеге алып келіп отыр», – деп мәлімдеді.

PS. Қонаевтағы бұл процесс мемлекеттік органдар мен тергеушілердің айыптау актісін дайындауда қаншалықты немқұрайлылық танытқанын көрсетті. Миллиардтаған «жасанды ущербтер» сот залында адвокаттардың нақты заңдық сұрақтарынан кейін бір-бірлеп құлап жатыр. Ең сорақысы заң үстемдігін орнатуы тиіс сот ғимаратының ішінде айыпталушыларға физикалық күш көрсетілуі елдегі сот жүйесінің транспаренттілігіне үлкен көлеңке түсіреді.

«The Qazaq Times» сот барысын жіті бақылауда ұстайды.

The Qazaq Times