2026 жылғы 26 маусым. Алматы облысының сотында белгілі агро-сарапшы, азаматтық белсенді,  Алмасбек Садырбай мен өзге де айыпталушыларға қатысты кезекті сот отырысы өтті. The Qazaq Times ақпараттық агенттігінің тілшісі ретінде залда отырып, біз бүгін құқықтық нонсенс пен мемлекеттік айыптаушы тараптың сотқа ұсынға материалдарының кемшіліктері мен қателіктеріне тағы да куә болдық. Естеріңіге сала кетсек бұл ашық сот отырысын жәбірленуші тараптардың өтінішімен судья Нұрсұлтан Қойшыбаев бейне және дыбыс жазуға шектеу қойған. Біз тек сот отырсынан мақала жазуға мәжбүрміз.

Сот процесі басталғалы бері қорғаушылар тарапынан айыптау актісінің шикілігі мен тергеудің заңсыздықтары жиі айтылып келеді. Қорғау тарабы бүгінгі отырыста прокуратураның кәсіби деңгейіне үлкен күмән келтірді.

«Айыптау актісін сізге кім берді?» немесе Жетісудан келген «Жәбірленуші-куәның» шатасуы

Сот отырысының бірінші бөлімінде Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы Мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тілеубаевтан жауап алу басталды. Ол сотқа 2025 жылдың сәуір айында Алматы облысының арнайы прокуратурасына шақырту алып, көрсетілген уақытта жауап бергенін айтты.

Алайда адвокат Анар Құсайынованың сұрақтарына келгенде, куәның қатты «қиналғаны» байқалды. Мұрат Тілеубаев жауап беру барысында алдындағы қағаздан көз алмай, соған қарап сөйлей бастады.

Алмасбек Садырбайдың адвокаты Анар Құсайынова

Адвокат Анар Құсайынованың реакциясы:

«Құрметті сот, мен сіздің назарыңызды аударғым келеді. Жәбірленуші тараптың өкілі алдындағы қағазға қарап, соны оқып отыр. Біз оның не оқып отырғанын анықтауға құқылымыз».

Соттың ескертуінен кейін, Тілеубаев өзінің алдында айыптау актісі жатқанын айтты. Адвокаттың «Бұл процессуалдық құжатты сізге кім берді?» деген сұрағына ол: «Басқарма заңгері Арнай Азамат берді» деп жауап берді.

Бұл сот залында үлкен дау тудырды. Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша, тергеу органы айыптау актісін жәбірленуші тарапқа немесе куәларға алдын ала үйреніп, «дайын сценариймен» жауап берсін деп үлестірмеуі тиіс. Бұл тергеу амалдарының әділетсіз әрі біржақты өткенін дәлелдейтін басты фактордың бірі.

Прокурордың 30 секундта «айнуы»: Жәбірленуші ме, әлде куәгер ме?

Бұдан кейінгі негізгі заңдық коллизия Тілеубаевтың соттағы ресми мәртебесіне қатысты өрбіді. Мұрат Тілеубаев өзін тергеу кезінде «жәбірленуші тараптың өкілі» ретінде сұралғанын айтты. Алайда, оның есімі айыптау актісіндегі жәбірленушілер тізімінде жоқ болып шықты.

Мемлекеттік айтыптаушы Әлімжан Санабаев

Қорғаушы тарап бұл мәселені көтергенде, мемлекеттік айыптаушы залда тұрып: «Бұл жерде екі жәбірленуші өкілі бар. Тілеубаев бөлім басшысы ретінде шақырылған» деді. Бірақ қорғаушылар құжатты алға тартып, қыспаққа алғанда, прокурор небәрі 30 секундтың ішінде сөзінен айнып, Мұрат Тілеубаевтың бұл сотқа «куә» ретінде шақырылуы мүмкін екенін айтып алғашқы сөзінен айнып қалды.

Айыпталушы Алмасбек Садырбайдың залдағы ашулы мәлімдемесі:

«Бұл — прокуратураның нағыз масқарасы! Мемлекеттік айыптаушы погон тағып алып, 30 секундтың ішінде өз нұсқасын өзгертіп отыр. Сот залында бізді алдап, адастырумен айналысуда. Маған менің Алматы облысым үшін, прокуратура жүйесі үшін ұят!»

Істегі үлкен заң бұзушылық: «Куәның» залда отыруы

Адвокат Анар Құсайынова прокурордың бұл қателігінің артында өте үлкен заң бұзушылық тұрғанын мәлімдеді. Егер Мұрат Тілеубаев «куә» болса, ол қылмыстық процестік кодекістің талаптары бойынша, өзінен жауап алғанға дейін сот залында отырмауы, өзге жәбірленушілер мен куәлардың түсініктемелерін тыңдамауы тиіс еді.

Алайда, Тілеубаев сот басталғалы бері онлайн-чатта да, залда да болып, бүкіл процесті бақылап келген. Қорғаушы тарап бұны «айыптау нұсқасын алдын ала дайындап, тергеудің сойылын соғу үшін жасалған айла» деп бағалады. Олар Мұрат Тілеубаевтың көрсетілген статусының түсініксіздігіне байланысты оның жауаптарын істен толықтай алып тастауды және бұл істі ұйымдастырған Алматы облысының прокуроры Әлімжан Санабакевқа қатысты жеке қаулы шығаруды талап етті.

Сот адвокаттардың бұл уәжін орынды деп таныды. Судья Мұрат Тілеубаевтан: «Өзіңіздің кім ретінде жауап беріп жатқаныңызды білмейсіз бе?» деп сұрағанда, Тілеубаев: «Ұзақ уақыт өтіп кеткендіктен ұмытып қалдым», — деген жал тапты.

Түске дейінгі отырыстың нәтижесі:

Мұрат Тілеубаевтан жауап алу тоқтатылып, ол сот залынан шығарылды. Одан бұдан былай бұл іс бойынша жауап алынбайтын болады. Мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаевқа істегі өрескел қателіктері үшін ескерту жасалды. Прокурорға қатысты жеке қаулы шығару мәліметі соттың соңғы үкімі кезінде кеңесу бөлмесінде бағаланатын болды. Секретарьға соттың онлайн-чаттарын тазартып, іске қатысы жоқ немесе мәртебесі анықталмаған тұлғаларды шығару тапсырылды. Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының заңгері Арнай Азаматтан жәбірленуші ретінде жауап алу белгіленді.

Ары қарай үзіліс. жарияланып сот процесі түстен кейін, сағат 14:30-да қайта жалғасатын болды.

PS. Бүгінгі отырыс Алмасбек Садырбайдың ісіндегі айыптау тарапының дәлелдерінің жеткіліксіздігін тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекет атынан айып тағып отырған прокурордың өз жәбірленушілері мен куәларын танымай, шатасуы айыпталушы Алмасбек Садырбайдыкң «бұл іс қолдан құрастырылғанының» белгісі дегенін растағандай.

Біз бұл сот отырыстарын тұрақты бақылаймыз.