Қазақстандық авторлық кино кеңістігінде қоғамның ең ащы жарасын тырнап, билік пен бұқара арасындағы алшақтықты көркем тілмен жеткізетін туындылар некен-саяқ. Режиссер Елзат Ескендірдің үлкен экранға жол тартқан «Әбіл» фильмі дәл осы олқылықтың орнын толтырып, қазақ кино өнеріне мүлдем бөлек, ашулы да шынайы дем әкелген бірегей туынды ретінде бағалануда. Киногерлер мен сарапшылардың пайымынша, бұл туынды жәй ғана 90-шы жылдардағы өтпелі кезеңнің суреті емес біздің ұлт, мемлекет ретінде жоғалтқан құндылықтарымыздың үлкен «жоқтауы». 22 маусымның кешке Алматыдағы «Арман» кинотеатрында өткен осы айтулы туындының тұсаукесер көрсетіліміне арнайы барып, біз де көрерменмен бірге осы үлкен рухани сілкіністің куәсі болып қайттық.

Балалық шақ жарасынан туған протест: Режиссерлік өткір пайым
Кинотану тұрғысынан келгенде, кез келген мықты авторлық туындының тамыры режиссердің жеке басының тәжірибесі мен ішкі толқыныстарынан бастау алады. Біз қандай қоғамда, қандай ортада есейдік. Біздің замандас Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильміндегі оқиғалар желісі өзінің 6-7 жас шамасындағы балалық шағында, өз көзімен көріп өскен уақиғалармен шендес келеді. Бұндай уақиғалар республиканың әр түкпірінде өтіп жатты. Бұл 90 жылдардың балаларының көкірегінде қалған үлкен жара. Кеңес Одағы құлаған тұстағы ауыл тіршілігі, әділетсіздік пен талан-тараж бала жүрегін қатты жаралағаны анық. Уақыт өте келе сол балалық шақтың жазылмаған жарасы азаматтық деңгейге көтеріліп, бүгінгі авторлық киноның басты қазығына айналған.
Елзаттың бойынан көрініп тұратын бүгінгі жүйеге, биліктің ұлт пен өнерге деген салғырт мәмілесіне қарсылығы сырттан таңылған саяси позиция емес, бұл оның ішкі жан дүниесінің шынайы дауысы, кешегі кеңестік жүйенің мұрасындай болып қалған қазіргі әділетсіздіктерге деген табиғи протестік көңіл-күйі. Режиссер өнерді қоғамның объективті үні деп есептейді және бұл фильм арқылы идеологиядан азат, қарапайым адамның жанын түсіндіруді мақсат тұтқан.
Дәуір шындығы және авторлық қолтаңба
Фильм сюжеті колхоздар мен совхоздар таратылып, мал-мүлік жекешелендіріле бастаған 1993 жылдарды қамтиды. Мұндағы басты трагедия шенеуніктер мен билік басындағылардың әділетсіздігі, дүние-мүлікті «ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында» кетіріп, өз ыңғайына қарай бөліске салуы.
Фильм коммерциялық киноға тән жылдам динамикадан ада. Режиссер мұнда ұзақ-ұзақ кадрларды, үзіліссіз түсірілген көріністерді шебер пайдаланған. Құлазыған дала, тозығы жеткен қора-қопсық пен сол заманның тауқыметі жүздерінен білінетін ауыл адамдарының бейнесі көрерменді бірден ауыр, бірақ өте шынайы атмосфераға жетелейді. Режиссердің бала күнгі естеліктері операторлық жұмыс пен декорация арқылы дәлме-дәл визуалды тілге көшкен.
Ерлан Төлеутай сомдаған Әбіл бейнесі: Тұлға мен кейіпкер үндестігі

Фильмнің басты сәттілігі – өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутайдың Әбіл рөлін сомдауы. Ол кәсіби актер болмаса да, кейіпкердің ішкі өксігін, әділетсіздікке деген ызасын және моральдық таңдауын өте жоғары деңгейде алып шыққан. Ерлан Төлеутайдың бұл еңбегі халықаралық деңгейде бағаланып, Ирландияда өткен Silk Road International Film Festival-інде «Үздік актер» номинациясын жеңіп алуы тегін емес.
Кейіпкер Әбілдің: «Егер сол малды тартып алмағанда мына мен қандай болып жүрер едім... Кеше бұлар кім еді? Мыналардың атасы кім еді, менің атам кім еді?» деген сөздері тек өткен тарихқа ғана емес, бүгінгі қоғамдық теңсіздік пен жүйеге айтылған ащы наразылық. Шын мәнінде, өмірде де ұлттық өнер мен биліктің іс-әрекетін қатаң сынап жүрген азаматтар ретінде режиссер Елзат Ескендір мен Ерлан Төлеутайдың бұл фильмдегі тандемі өте сәтті шыққан. Олардың ортақ азаматтық ұстанымы фильмнің әрбір кадрында аңғарылып тұрады.
Ұрпақтар қайшылығы және символизм
«Әбіл» фильмінде тек әлеуметтік қана емес, терең философиялық қабаттар бар. Әбілдің үлкен ұлы Төкеннің тағдыры арқылы 90-шы жылдары бағыт-бағдарынан айырылып, жаңа заманға бейімделе алмай, ақыр соңында қазаға ұшыраған тұтас бір жастар буынының трагедиясы көрсетіледі.
Сонымен қатар, фильмдегі бала қорқытатын «Әне, орыс келе жатыр» деген тіркес тек сол кезеңнің ғана емес, империялық отаршылдық сананың халық психологиясына сіңіп қалған үрейі мен ішкі қарсылығының символы іспеттес.
Халықаралық фурор және кино туралы түйін
Франциядағы 31-ші Vesoul халықаралық Азия кинофестивалінде үш бірдей беделді жүлдені (Jury Grand Prize, Critical Jury Prize және NETPAC Jury Prize) қанжығасына байлаған туынды әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Сондай-ақ, Әбілдің әйелін сомдаған актриса Нұржан Бексұлтанова да Вьетнамда өткен халықаралық фестивальде «Үздік актриса» атанды.
Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов атап өткендей, бұл «өтіріктер қосып, әдемілеп, керемет болып жатырмыз деген бөспеки сөздерге айтылған ащы, шынайы жауап». Фильм соңындағы сіркіреген жауын, еңсені басатын батпақ пен шорт үзілген кадрлар көрерменге ой салып, басты кейіпкердің де, тұтас қоғамның да тағдырын бұлыңғыр күйде калдырады.
«Әбіл» — бүгінгі қазақ қоғамына ауадай қажет, идеологиядан азат, автордың балалық шағынан басталған ішкі наразылығы мен ақиқатынан туған ашулы фильм. 25 маусымнан бастап отандық прокатқа шығатын бұл туынды әрбір көзі қарақты көрерменнің санасына сілкініс әкелері сөзсіз.
Кино көрсетілімі аяқталғаннан кейін біз де туынды авторымен аз-кем тілдесіп, режиссердің ішкі толғанысы мен мақсатын білуге тырысқан едік. Елзат Ескендірмен тілдескен арнайы бейнематериалды төмендегі видеодан тамашалай аласыздар:


















Косметикалық жаңару әдеті: «Аманат» пен «Әділетті» қауышуы – саяси жаңару ма, әлде номенклатуралық камуфляж ба?
Ормуз дағдарысы және көпполярлы әлемнің тууы: «Қырғи қабақ соғыстан» да қауіпті жаңа текетірес
Алмасбек Садырбай ісі: Қонаев сотында БАҚ-қа қойылған шектеу күшінде қалды
Алмасбек Садырбай ісі: Ашық сот па, әлде жабық бақылау ма?
Иран әскери элитасының жойылуы: соғыстың жаңа кезеңі
Хаменеиден кейінгі Иран: билік транзиті мен соғыс көлеңкесіндегі ел