Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі Валерий Залужный АҚШ-тың қазіргі сыртқы саясат жүргізу тәсілін сынап, оның халықаралық тәртіпті «бұзып жатқанын» мәлімдеді. Оның айтуынша, Ақ үйдің әрекеттері «бүкіл Батыс әлемінің бірлігін» күмәнға айналдырып отыр, деп жазды BBC ақпараты.

Бұл мәлімдеме Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі аясында жасалды. Өткен жұмада Ақ үйде өткен кездесуде екі ел басшылары арасында келіспеушіліктер болғаны белгілі. Осыдан кейін Киев Вашингтонмен байланысын жақсарту әрекеттерін жасай бастады. Алайда, АҚШ-тың Украинаға әскери көмекті тоқтатуы және барлау мәліметтерімен алмасуды уақытша доғара тұруы Зеленскийге қысым көрсету құралы ретінде бағаланды.

Залужныйдың Лондонда өткен Chatham House конференциясында айтқан сөздері бұл жағдайға деген Украина тарапынан үлкен алаңдаушылық барын көрсетті.

"АҚШ әлемдік тәртіпті жойып жатыр"

Залужный өз сөзінде: «Біз тек Ресей мен оның жақтастары әлемдік тәртіпті қайта қарастырып жатыр деп ойлайтын едік. Бірақ шын мәнінде, АҚШ бұл тәртіпті жойып жатыр», – деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, ол Вашингтонның Ресеймен тікелей келіссөздер жүргізуін сынға алды. Оның айтуынша, «Кремльді басқарып отырған соғыс қылмыскері» Владимир Путинмен диалог жүргізу – Ресейге ымыра берудің белгісі болып табылады.

Залужный АҚШ-тың қазіргі бағыты НАТО-ның болашағына да қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Оның ойынша, егер Вашингтон өз саясатын өзгерпесе, бұл альянстың ыдырауына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, ол Ресейдің келесі нысанасы Еуропа болуы ықтимал екенін айтты.

АҚШ-тың Украинаға қысымы және Зеленскийдің әрекеттері

Зеленский Украинаның бейбітшілікке ұмтылатынын бірнеше рет мәлімдегенімен, оның әкімшілігі АҚШ-тың келіссөздерді басқару тәсіліне күмәнмен қарайды. Киев Вашингтонның Мәскеуге жасалуы мүмкін ықтимал жеңілдіктерін өз қауіпсіздігіне төнетін қатер деп санайды.

Трамп сайлауалды науқанында Украинадағы соғысты тез арада тоқтатуға уәде берген болатын. Осыған байланысты, өткен айда АҚШ делегациясы Ресей өкілдерімен Сауд Арабиясында алдын ала келіссөздер өткізді. Бұл кездесуге Украина да, Еуропа мемлекеттері де қатысқан жоқ.

Вашингтон тарапы Украинаға көмек көрсетуді уақытша тоқтату арқылы Киевті АҚШ бастамашылық еткен бейбіт келіссөздерге келуге итермелеуді көздеп отырғанын мәлімдеді.

Украинадағы саяси ахуал және ықтимал өзгерістер

АҚШ пен Украинаның қарым-қатынасы шиеленіскен тұста, Politico басылымы Трамп әкімшілігінің Зеленскийдің саяси оппоненттерімен байланыс орнатқаны туралы хабарлады. Бұл байланыстар арасында оппозиция жетекшісі Юлия Тимошенко мен экс-президент Петр Порошенконың серіктестері бар.

Украинадағы тәуелсіз әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, Залужный халық арасындағы қолдауға ие негізгі тұлға саналады. Оның рейтингтік көрсеткіші 70%-дан асады, ал Зеленскийге деген қолдау 57% шамасында. Порошенконы қолдайтындар 20%-ға жетпейді.

Тимошенко бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, өзінің командасы барлық халықаралық әріптестермен байланыста екенін, бірақ қазіргі соғыс жағдайында Украинада сайлау өткізуге болмайтынын атап өтті. Ал Порошенко өз мәлімдемесінде АҚШ-пен байланыстардың ашық әрі заңды екенін айтты.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Трамп әкімшілігі Зеленскийдің орнына басқа кандидаттарды қарастыруы мүмкін. Алайда, оппозиция өкілдерімен кездесулер соғысқа дейін де болған және АҚШ-пен қарым-қатынастарды нығайту мақсатында жасалған болуы мүмкін.

АҚШ пен Украинаның қазіргі қарым-қатынастарының дамуы алдағы уақыттағы геосаяси жағдайға тікелей әсер ететіні анық.

The Qazaq Times