Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында бесінші кеншінің денесі табылды, -деп жазды Азаттық радиосы.
Бұл жөнінде "АрселорМиттал Теміртау" 19 тамызда түнде хабарлады. Компания қаза болған барлық жұмысшының аты-жөнін жариялады:
1. Денис Геннадьевич Стешин, 1978 жылы туған, 4 разрядтағы жерасты үңгуші, осы салада 21 жыл істеген;
2. Артур Ринатович Халиков, 1994 жылы туған, 4 разрядтағы жерасты электрослесары, осы салада 10 жыл істеген;
3. Виктор Сергеевич Бургун, 1966 жылы туған, 5 разрядтағы жерасты электрослесары, осы салада 39 жыл істеген;
4. Виталий Владимирович Слюньков, 1965 жылы туған, 5 разрядтағы жерасты электрослесары, осы салада 39 жыл істеген;
5. Илья Александрович Старовойт, 1996 жылы туған, 3 разрядтағы жерасты электрослесары, осы салада 4 жыл істеген.
17 тамызда таңертең аталған шахтада өрт болып, жер астындағы 227 шахтердің 222-і жер үстіне шығарылған, қалған бесеуі іздестірілген. 17 тамызда кешке 58 жастағы Виталий Слюньковтың денесі табылды. 18 тамызда – Виктора Бургун, күндіз 45 жастағы Денис Стешин шахтадан өлі күйде табылды. Қалған екеуінің денесі табылғаны 19 тамыз кешке хабарланды.
Өрттің неден шыққаны әзірге айтылмады. Кей ақпаратқа қарағанда, конвейер лентасы өртеніп, қатты түтін және жоғары температураның салдарынан 5 адам шахтадан шыға алмай қалған.
"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындарында осыған ұқсас апаттар жиі болып тұрады. 2022 жылы 3 қарашада Шахтинскідегі АМТ компаниясының Ленин атындағы шахтасында айналаға метан тарап, жарылыс болып, бес адам қаза тапқан, төрт адам уланған. Бұл оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Зардап шеккен шахтерлердің жақынданы қауіпсіздікке жауаптылар жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Олардың алаңдауына негіз бар, себебі 2021 жылы Абайдағы АМТ шахтасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс тоқтатылған еді. Абайдағы жарылыста адам шығыны болса да, ешкім жауапқа тартылған жоқ.
Қарағандыдағы белсенділер мен бұрынғы шахтерлардың айтуынша, компания көмір шахтасында қауіпсіздікке бөлінуі тиіс ақшаны үнемдегендіктен осындай қайғылы оқиғалар жиілеген.
Сенбі күні Қарағанды облысына премьер-министр Әлихан Смайылов келіп, "АрселорМиттал Теміртауды" өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамады деп айыптады. "Өндіріс қауіпсіздігіне деген көзқарасын ескерген үкімет бұл инвестордың Қазақстанда болғанын кұп көрмейді" деді ол. Компания бұл мәлімдемеге реакция білдірген жоқ. 2022 жылы бірнеше апаттан кейін де осыған ұқсас мәлімдемелер айтылған, алайда компания әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. 1995 жылы жекешелендіру науқаны кезінде онымен жасалған келісімшарт жарияланған жоқ.
18 тамыз күнгі Шахтинскідегі брифинг кезінде журналистер "АрселорМиттал Теміртау" өкілі Сергей Огайдан көмір шахтасы мен металл комбинатын мемлекет меншігіне қайтару мүмкіндігі туралы сұраған. Огай бұл сұраққа жауап беруге өкілеті жетпейтінін айтты. "Еуропада тұратын миллиардер Лакшми Миттал қайғылы оқиғалар болған кезде неге Қазақстанға келмейді?" деген сұраққа Огай акционер өкілдері "жағдайдан хабардар" деп қысқа қайырды.