Еуропа дипломатиясының жетекшісі Жозеп Боррель Еуроодақ елдерінің әскери-теңіз күштерін Тайвань бұғазын күзетуге үндеді,-деп жазды Азаттық радиосы.
"Тайвань бізге экономика, сауда және технология тұрғысынан маңызды. Сол себепті Еуропаның әскери-теңіз күштерін Тайвань бұғазын күзетуге шақырамын. Осылайша Еуропаның осындай маңызды аумақта жүру еркіндігін қолдайтынын ашық көрсетуге үндеймін" деп жазды Боррель француздың Journal du Dimanche басылымында жарық көрген шағын мақаласында.
Екі апта бұрын Қытай Тайвань маңында үш күндік әскери жаттығу өткізіп, "аралды қоршап, соққы жасауды" пысықтаған. Мұндай жаттығу Тайвань президенті Цай Инвеньнің АҚШ-қа сапарынан кейін басталды.
Осы аптада 18 сәуірде Еуропарламентте Қытаймен қарым-қатынас туралы сөйлеген Жозеп Боррель бейбітшілікке кепілдік тұрғысынан алғанда Тайвань Еуропа үшін маңызды екенін жеткізген.
Оның алдында Франция президенті Эммануэль Макрон "Еуропа Тайваньға бола АҚШ пен Қытай жанжалына араласпағаны жөн" деп мәлімдеген еді. Жуырда Пекинде болып қайтқан Макронның ұстанымын бірқатар америкалық және еуропалық саясаткерлер сынаған.
Тайвань 1949 жылы азаматтық соғыс кезінде Қытайдан бөлінгенін мәлімдеген. Бірақ Пекин Тайвань тәуелсіздігін мойындамайды және оны өзінің провинциясы санайды. Қытай компартиясы мен Қытай басшысы Си Цзиньпин "Тайваньмен бірігуді" өзінің "тарихи миссиясы" деп атап, қажет болған жағдайда әскери күш қолдануға дайын екенін айтқан. АҚШ БҰҰ-ның көп мемлекеті тәрізді Тайваньды тәуелсіз деп танымайды, бірақ Қытайдың оны күштеп қосып алу ниетіне қарсы.