Украина астанасы Киевтің маңындағы кішкентай Буча қаласы 2022 жылдың сәуір айының басында бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, Еуропадан Америкаға дейін баспасөз беттері мен телекамералардың объективінен түспеді. Қаланы азат еткеннен кейін украиндық әскерилер мен журналистер XXI ғасырда болуы мүмкін еместей сұмдықтың бетін ашқан еді.

Қала түп-тұқылы қалмай қиратылды, көшелер бейбіт тұрғындардың мәйіттеріне толып кетті - тек олардың біреуінде 20-ға жуық мәйіт табылды. Қайтыс болғандардың көбі азаматтық киім киген, кейбірі қолдары байланған. Қаланы Ресей әскерилері екі аптадан астам уақыт бұрын жаулап алған еді.

Бучадағы қылмыстар ашылған күннің ертеңінде Ресей шенеуніктері мен мекемелері Украинаны арандатушылық жасады деп айыптай бастады.

Бірнеше мысал келтірейік.

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Бучадан келіп түскен ақпаратты «Киев режимінің жаңа қойылымы» деп атады.

РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Бучадағы жалған арандатушылық Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келіссөздер бойынша жаңа жана бастаған үміт отын өшіруге бағытталған» деп сендірсе, оның орынбасары Мария Захарова «Буча Ресейге қарсы енгізілген жаңа санкциялар топтамасын ақтау үшін пайдаланылды», деп толықтырды.

Осыдан кейін желі мен телеарналар көбінесе сапасыз фотосуреттер мен бейнелерге сүйене отырып, ресейлік «сарапшылар» көптеп таратқан орыс әскерилерінің бұл қылмыстарға қатысы жоқтығы туралы тұжырымдарға толды.

Айта кету керек, көп жағдайда нағыз фактіге негізделмеген теріске шығарулар күн сайын қайталанып, Ресейдің кінәсіздігіне дәлел ретінде «Орыс солдаты баланы да ренжітпейді» деген аргумент алға тартылды. Федералдық телеарналар күн құрғатпай қақсайтын бұл сөз тіркесі көрермендерді ресейлік әскерилердің арлылығы мен ақтығына иландыруға тиіс болатын. Әскери абырой, бұған дейінгі кеңестік, кейінгі орыс әскерилерінің даңқты дәстүрлерін мадақтайтын осы мәлімдеменің төңірегінде бүкіл бүтін саяси ток-шоулар құрылды.

Дегенмен, бұл жағдайды талдауға «кәсіби» көзқараспен қараған басқа насихатшылар да табылды. Олар өтірік пен шындықты шеберлікпен қиюластырған фейктерді тарата білуінің арқасында тіпті бұл соғысты айыптаушылардың арасында да «мұнда бір гәп бар» деген ой тудырды.

«Украиндық арандатушылық» ең жоғарғы деңгейде де, қала берді жергілікті шағын телеарналарда да жан-жақты «әшкереленді». Эталон ретінде пайдалануға болатын мысал ретінде мына видеоны келтіруге болады. (қосымшадағы 1-бейне).

Иә, қарапайым көрермен немесе оқырман үшін ресейлік кейбір мәлімдемелер бір қарағанда қисынды және тіпті орынды болып көрінетінін мойындау керек. Рас, тек бір қарағанда. Жағдайға тереңірек үңіліп көрсеңіз, «қойылым» және «украиндықтардың арандатушылығы» туралы сұрақтардың бәрі өздігінен жойылады. Өкінішке орай, Ресей қоғамында мұндайға дайын адамдар өте аз. Соның салдарынан он айға созылған соғыстан кейін де Бучада жаппай қырғын болмағанын алға тартатындар жетіп артылады.

Осыған байланысты біз ресейлік насихатшылардың халық арасында барынша таралған ең танымал фейктерін жинап, олардың тұжырымдарының барлығы не себептен өтірік болып шығатынын  мысалдармен түсіндірдік.

Оның үстіне, цифрлық заманда мұндайды ашық көздерді пайдаланып та жасауға болады.

 

өрт күн қайда болдыңдар?"

«Ресейлік әскерлер Бучадан ресми түрде 30 наурыз күні түстен кейін шықты, ал қырғындар туралы алғашқы хабарламалар украиндық тараптан қандай да бір себептермен тек 3 сәуірде ғана пайда болды» деп мәлімдейді Ресейдегілер. 

Ресей билігінің пікірінше, жоғалған осы төрт күн ауқымды арандатушылықты ұйымдастырып, Батысты Ресейге көрсететін қысымды күшейте түсуге итермелеуге жеткілікті болған.

Осы нұсқаны растау үшін Ресей Федерациясы Буча мэрі Анатолий Федоруктың 31 наурыздағы бейне үндеуіне сілтеме жасайды, онда әлгі Бучада бола тұра, оның азат етілуі туралы айта тұра, көшелердегі оққа ұшқандар туралы ауыз ашпайды-мыс.

Біріншіден, Украина тарапының сөзінше, Бучадағы жауынгерлік қақтығыстар 30 наурызда емес, 31 наурызда аяқталды. Оның үстіне,  Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жариялаған 2022 жылдың 1 сәуіріндегі соғыс қимылдарының картасы бар бейнежазбадан ресейліктердің әлі де Буча аймағында екенін көруге болады.

Екіншіден, Бучада қаза тапқандардың алғашқы суреттері мен бейнежазбалары телеграм арналары мен Твиттерде 3 сәуірде емес, 1 сәуірде пайда болды. Сондай-ақ BBC журналистері Буча туралы 1 сәуірде түсірілген сюжетті 2 сәуір күні таңертең жариялады. Сонымен қатар, жүздеген қаза тапқандар туралы ақпаратты Буча мэрі Федорук ресми түрде дәл осы 2 сәуірде растады.

Осылайша, орыс әскерінің кетуі мен қырғынның алғашқы айғақтарының пайда болуы арасында Ресей билігі мәлімдегендей төрт күн емес, бір күн ғана өтті. Бұл күні Бучада соғыс қимылдары жалғасып жатты, аумақтарды миналардан тазарту (қалада жаппай дерлік, соның ішінде балалардың далада қалған арбаларына және тіпті адамдардың мәйіттеріне де мина құрылған болатын), диверсанттар мен саптан қалып қойған әскерилерді және т.б. іздестіру жүріп жатқан.

Буча қаласының мэрі 31 наурыздағы жолдауында қырғын туралы неге айтпады? Бұны түсіндіру оңай. Біріншіден, орыс насихатшылары сендіргендей, Федоруктың үндеуі 31 наурызда емес, 1 сәуірде түстен кейін шықты. Мұны желіден оңай қадағалауға болады. Бұл бейнехабарламаны, тіпті ол туралы ауызға алу мүмкіндігі 1 сәуірден бұрын әсте мүмкін болмаған. Федоруктың онда: «31 наурыз - Бучаның азат етілген күні ретінде тарихта қалады» деген сөз шатасудың басы болғанға ұқсайды. Бұл туралы кейін бірнеше мәрте түсіндірген ол өз сөзімен өткен күнді меңзегенін, сондықтан бейнехабарламаның еш жерінде «бүгін, 31 наурыз» деп айтпағанын жеткізген.

Оның сол кезде қырғын туралы ақпараттан бейхабар болуына Бучаның дәл орталығында, әкімшілік ғимаратының жанында бейнетүсірілім жасағанына байланысты. Ал ғимарат Яблонская көшесінің маңайында, Ресей әскерінің негізгі бөлігі орналасқан көпірге жақын жерде болған қырғын аймағынан шалғайда орналасқан.

 

 «Тірі өліктер»

Бучада түсірілген бейнетүсірілімде өлгендердің қолдары қимылдап, өздері қозғалып жатыр, ал өліктердің бірі оператор мінген көлік өте бере, отыра қалды деген ақпараттар халық арасына тасталып, танымал болды.

Осыған ұқсас «дәлелдері» бар бейнетүсірілімдер мен фотосуреттер ресейлік арналарда қызу көрсетілді, ал «буча тірі мәйіттер» немесе «мәйіттер, буча фейк» деген сөз тіркестері бойынша Гуглден сұратуды әлі күнге дейін мыңдаған адам тереді.

Ең алдымен, ресейлік насихатшылар Бучадағы әсте де мәйіттер емес, әртістер дегенге дәлел ретінде мына бейнематериалды пайдаланады. (қосымшадағы 2-бейне).

Тірі мәйіттер туралы мәлімдемелер тіптен сын көтермейді. Мұны түсіну үшін «қолы қозғалып жатқан мәйіт» туралы кеңінен таралған бейнематериалды Ресейде көрсеткендей қысқартылған түрде емес, баяулата отырып, толықтай  мұқият қарап шықса, сұрақтар өздігінен жоғалады. Сапалы видеоны баяулата қарап шықсаңыз, «мәйіттің қозғалған қолы» дегеніңіз көліктің терезесіндегі су тамшысы немесе кірдің түйірі екені анық байқалады.

Сол бейнежазбада көліктің оң жақ айнасынан оның артында қалған бейнеден мәйіттің отырған кейпі пайда болатын сәт бар. Бірақ содан  бірнеше секунд бұрын көлік оның жанынан өткенде мәйіт аяқжолдың үстінде жатқан.

Айнадағы артқы көріністің бұрмалану әсерін ресейлік насихатшылар факт ретінде көрсетті.

Алайда, егер бейнедегі дәл осы сәтті қайтадан баяу қозғалыспен толық қарап шықсаңыз, айнадағы артқы көрініс шағылысу салдарынан бұрмаланып көрінетінін анық байқай аласыз. Мысалы, жүк көлігінің корпусы мен артта қалған үйлер де дәл осылай бұрмаланып көрінеді. Сонымен қатар, айнада көрініс беретін осы видеоның бағытындағы басқа нысандар да дәл осылай бұрмаланады. Бұл көпке белгілі эффект және оны осыған ұқсас бүйір айналар түсірілген көптеген

;ab_channel=skullYDazed">бейнероликтерден көруге болады.

Сондай-ақ, 2022 жылдың 9 сәуірінде «Кладбище фейков»  Telegram-арнасында жарияланған үшінші видео да бар. Оның сипаттамасына сәйкес, кейінірек журналистерге көрсету үшін украиндық әскерилердің онда Буча көшелеріне мәйіттерді қалай жайғастырып жатқаны түсірілген. Бұл бейнежазбаны жүздеген Z-арналар репост жасады, оны ресейлік телеарналар жарыса көрсетіп, көрермендерді Бучадағы оқиғаның қойылым екеніне тағы да сендірді.

Шын мәнінде, түпнұсқа бейнежазбаны 2022 жылдың 2 сәуірінде Associated Press (AP) ақпарат агенттігі «Soldiers pulling body with cable, wary of the body being booby-trapped» (Әскерлер мина құрылған деп қорқып, мәйітті тростың көмегімен тартып жатыр) деген тақырыппен жариялады. Өйткені, орыс әскерлері тіпті өліктерден бастап, бәріне Бучадан шықпас бұрын мина құрып кеткен болатын. 1 сәуірде Буча қалалық кеңесінің хатшысы Тарас Шапранский бұл туралы ескертсе, кейін бұл ақпаратты Украина президенті Владимир Зеленский де растады.

«Түсірілім қарсаңында ғана өлтірілген»

Ресейлік үгіт-насихат сонымен бірге «Буча көшелеріндегі адамдардың мәйіттерінде оларға тән дақтар мен сіресу белгілері жоқ, жараларындағы қан ұйымаған, бұл олардың тірі «әртістер» немесе украиндық радикалдар түсірілім қарсаңында ғана өлтірген расымен өліктер екенін көрсетеді» деп мәлімдеді.

Насихатшылардың бір мақаласы тіпті «Шылғи өтіріктің мәйіттік уыты» деген атаумен жарық көрді және бұл әзіл емес.

Бұл мәлімдемені көптеген (ондап саналатын) спутниктік фотосуреттер мен бейнежазбалар оңай жоққа шығарады. Атап айтқанда, Бучаның ғарыштан түсірілген фотосуреттерінде сәуірдің басында табылған көптеген өліктердің көшеде ұзақ уақыт, кем дегенде үш апта жатқаны айқын көрінеді.

Мысалы, 11 наурыздағы суреттен бүкіл әлемдік баспасөз кейінірек көретін жерлерде Яблонская көшесінде жатқан 8 өлікті көруге болады. 21 наурызда Maxar компаниясы түсірген тағы бір суреттен Буча көшелерінде пайда болған үш мәйітті көруге болады, олар сәуір айының басына дейін сонда жата берді. Осынау спутниктік суреттер мен олардың қай жерге тиесілі екенін The New York Times егжей-тегжейлі  талдаған.

Олай болса, жәбірленушілердің мүрделерінде неліктен мәйіттік дақтар мен сіресу белгілері болған жоқ? Өйткені, сот-медициналық сарапшылардың (соның ішінде ВВС журналистеріне берген түсініктемелері расталған шетелдік мамандардың да) айтуынша, сіресу белгісі адам қайтыс болғаннан кейін бірнеше сағаттан кейін басталып, бірнеше күнге созылады, бірақ бірнеше күннен кейін кетіп қалады, ал қайтыс болғаннан кейін бірнеше аптада тіптен ізі де қалмайды.

Мәйіттердің жанында қан жоқ деген сөзге келсек, қылмыс қыста, адамдар жылы киім киіп жүрген кезде жасалғанын ұмытпаған жөн. Көп жағдайда қан олардың киімдеріне сіңіп кеткен немесе өліктердің астында жиналды.

Сонымен қатар, ресейлік үгіт-насихатшылар қан жиналған жерлер мен мәйіттік дақтар көрінбейтін сапасыз, түссіздендірілген фотосуреттерді қасақана пайдаланғанын айта кету керек.

 

«Адамдар Украина әскерінің артиллериялық атыстарынан қаза тапты-мыс»

Дегенмен, бұлтартпас дәлелдердің ықпалымен, Дмитрий Киселев сияқты ресейлік насихатшылар Бучада қаза тапқандардың түсірілімнен кейін орындарынан тұрып, шай ішуге кеткен әртістер емес, шынымен опат болғанын мойындады. Дегенмен, олардың өліміне кінәлі Укранинаның қарулы күштері деп айыпталды.

Орыстар Бучадан кеткеннен кейін, украин әскерлері қалаға жақындап келіп, жаппай артиллериялық қарумен нысанаға алуынан бейбіт тұрғындар қырылды деді.

Көптеген фото және бейнежазбаларда қалған дәлелдемелер қаза тапқандардың қолдары байлаулы, қарақұстан атып өлтірілген  адамдар екенін бейнелейді. Әрине, артиллериялық снарядтар мұны істей алмас еді.

Сонымен қатар, ресейлік әскерилердің украиндықтарды өлтіруінің  тікелей бейнежазбаға түсірілген дәлелдері бар. 

«Оларды өз адамдары өлтірді»

Тағы бір танымал ресейлік фейк «орыстар кеткеннен кейін  ресейліктермен ынтымақтасқаны үшін «украиндық жазалаушылар» өлтірген адамдар екенін» айтады. Дәлел ретінде құрбандардың көпшілігінің қолындағы ақ таңғыштар келтірілген, олар бұл Ресей армиясын қолдаушылардың белгісі-міс дейді.

Шындығында, ресейлік әскерилер қаланың барлық бейбіт тұрғындарын көшеге шыққанда ақ таңғыш тағуға мәжбүрлеген. Бұл Буча азат етілгенге дейін, наурыз айының ортасында белгілі болды және Бучаның басып алыну оқиғасын басынан кешіріп, аман қалғандардың бәрі бұл туралы айтады. Мысалы, мына жерден оншақты осындай куәгерлік әңгімелерді көруге болады немесе жергілікті тұрғындар мәйіттерді көрсетіп, көптеген өлім жазасына кесу оқиғалары туралы егжей-тегжейлі айтып береді.

Сонымен қатар, ақ таңғыш белгілер қасақана жасалған әскери қылмыстың тағы бір жарқын дәлелі болып табылады. Өйткені, әскерилер бейбіт тұрғындарға тиесілі екенін айқын көрсеткен адамдарға қаратып оқ жаудырды.

«Мұнда бір ғәп бар»

Насихат Ресейге тағылған айыптардың негізсіз екенін және тәуелсіз ақпарат көздерімен расталмағанын алға тартады. Сонымен бірге, Украина халықаралық тексеру жүргізуге және оған ресейлік мамандарды тартуға құлықсыз деп айтылады.

Сәуір айының басынан бастап Бучада көптеген халықаралық БАҚ журналистері, сондай-ақ украиналық және халықаралық тергеушілер жұмыс істей бастады, олар барлық анықталған қылмыстарды мұқият тіркеп, құжаттады.

Көптеген дәлелдер, айғақтар мен куәгерлер Бучада және Киев шетіндегі басқа да қалаларда мыңға жуық бейбіт тұрғынды Ресей армиясының әскерилері өлтіргеніне күмән тудырмайды. Сондай-ақ, қырғынға тікелей кінәлілер де анықталды. Украин тарапының мәліметінше, қылмыстардың басым бөлігін РФ Шығыс әскери округінің 35-ші армиясына қарасты РФ Қарулы күштерінің 64-ші жеке мотоатқыштар бригадасының әскери қызметшілері жасаған.

Орыс әскерлерінің әскери қылмыстарының құрбандары арасында зорланған әйелдер бар, олардың мәйітін өртеп жібермек болған, жергілікті билік өкілдерін, балаларды, қарттарды, ер адамдарды өлтірген. Кейбіреулерінің қолдары байланған, көпшілігінде азаптау белгілері бар, көпшілігіне басынан оқ тиген.

Өткен ғасыр тарихында ұрыс қимылдары кезінде адамдарды жаппай өлтіруге бағытталған бірнеше оқиға болған, оларды асқан қатыгездігі үшін «қырғын» атаған. Бұл Сребреница, Катынь және Сальвадордың Мосота ауылындағы қырғын және т.б.

Бірақ осы қылмыстарға кінәлі деп танылған тарап әрқашан айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Кейін, көптеген жылдар, тіпті бірнеше ондаған жылдар өтсе де, жаңа билік өз жауапкершілігін мойындап, кешірім сұрады және өздерінің алдындағылардың жасаған әскери қылмыстарын айыптады. Сербия – Сребреницадағы қырғын үшін, Ресей – Катынь қырғыны үшін КСРОның, Мосота қырғыны үшін Сальвадор өз кінәсін мойындады ...

Бұл жолы да солай болады.

 

ЖОБА ТУРАЛЫ 

Ресейдің Украинада кең ауқымды соғыс бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Бірақ украин тақырыбына қатысты жалған насихаттық ақпаратты Ресей бұдан әлдеқайда ертерек тарата бастаған. Интернетте «Горловка Мадоннасы» («горловская Мадонна»), Украинадағы биологиялық зертханалар, Ресейді айнала қоршаған «НАТО әскерлері» және басқа да осындай көптеген жалған ақпараттар мен қолдан жасалған бейнематериалдар бірнеше жылдан бері таралуда.

 Өкініштісі, қазақстандықтар арасында осыған сенетіндер аз емес және арнайы операцияны Ресей бірінші бастамағанда, Украина шабуылға кірісетін еді деп кәмілсіз иланады. Өкінішке қарай, мұндай қазақстандықтар мыңдап саналады. Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясын» әлі күнге ресейлік нарратив негізінде қабылдайтындарға, Киевті нацистер жаулап алды, Ресей армиясы тек әскери нысандарға шабуыл жасайды деп санайтын отандастарымыз және осы тақырыпта жазатын журналистер мен редакциялар үшін біз  фейктерді әшкерелейтін жеті мақала дайындадық.  

Бұл «Украинадағы соғыс: фейктерді әшкерелеу» атты топтаманың екінші мақаласы. Бірінші мақала мына сілтееме бойынша:  «Донбасс 8 жыл бойы бомбаланды».

 

Жобаға қатысқан журналистер тобы: Назира Дәрімбет, Оксана Макушина, Владимиром Радионов және Александр Закладный.