«Алтыншы қаңтар» блогының мүшесі, тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім мәжіліс сайлауына кандидатурасы өтпей қалғанын хабарлады. Бұл туралы Маса медиа жазды.
– Қаскелеңде орналасқан №12 сайлау округы комиссиясы менің кандидатурамды өткізбей тастады. Олар «соңғы он жылда Қазақстанның әртүрлі қаласында тұрғансың» деп өткізбеді. Заң бойынша соңғы он жылда Қазақстан аумағында тұрсаң болды. Комиссия мүшелері мені «ҚР Конституциясының 51 бабының 4 тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейді» деп жазыпты құжатта. Біз мені өткізбейтіндерін білдік. Бұл жерде спектакль болды, – деді Мұхаммедкәрім.
Ол сотқа шағымданатынын айтты. Бірақ уақыт тығыз болғандықтан сайлауға дейін үлгермейтін шығармын дейді.
– Сотқа шағымданатын боламыз. Бірақ уақыт тығыз. Сайлау додасына қайтадан қосыла алам ба, жоқ па білмеймін. Біздің соттардың қандай екенін білесіздер ғой. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанының» сиқы осындай. Бірақ бәрібір шағымданамыз, – деді ол.
20 жылдан астам уақыт мемлекеттік телеарнада істеген Думан Мұхаммедкәрім былтыр «Ne deidi» ютуб арнасын ашқан. Оны Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың туыстары мен азапталған адамдардан алған сұхбаттары көпшілікке танытты. Ол 2022 жылдың қазан айында «заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен 15 тәулікке қамалып шыққан. Қазір оның ютуб арнасында 130 мыңнан астам жазылушы бар.
Осыдан біраз уақыт бұрын Алматыда бір топ белсенді мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысу үшін «Алтыншы қаңтар» блогын құратындарын мәлімдеген. Осы блоктың атынан журналист Динара Егеубаева, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова және т б сайлауға қатысу үшін құжаттарын тапсырған.