Ұлыбритания алдағы уақытта "Челленджер-2" маркалы ауыр танкілерінің 14 данасын Украинаға жеткізеді. Бұл жөнінде британ үкіметінің мәлімдемесінде жазылған. Осылайша Ұлыбритания Украинаға Батыста шығарылған танкілерді жеткізетін алғашқы елге айналады, -деп жазды Азаттық Радиосы.
Бұған дейін НАТО одақтастары немістің "Леопард-2" танкілерін де Украинаға беру мәселесін талқылаған. Оларды Киевке беруді әзірге Польша және бірқатар елдер қуаттаған. Ал Берлин аталған техника түрін жеткізетінін тиісті дәрежеде растаған жоқ. Лондонның шешімін Берлинді біршама батылырақ болуға итермелеу қадамы ретінде бағалап отырған сарапшылар да бар.
Бұған дейін Франция, Германия және АҚШ Украинаға бронды техникаларын жеткізетінін мәлімдеген. Мәселе жаяу әскерге арналған техника мен барлау көліктері жөнінде болып отыр.
Британ үкіметінің мәлімдемесінде "Ресейді кері ысырып, бейбітшілікті нығайту мақсатында" премьер-министр Риши Сунактың Украинаны дипломатиялық және әскери тұрғыда қолдауды жөн көргені жазылған.
Британ премьерінің пікірінше, Украинаны қолдайтын нағыз қолайлы сәт туындады, себебі Ресей әскері "жабдықтар жағынан қиналып, әскери рухы түсіп кеткен".
Танкіден бөлек, Ұлыбритания Украинаға 30 шақты өзі зарядталатын AS90 маркалы гаубица береді. Ресми мәлімдеме 16 қаңтарда парламентте жасалады.
Жуырда Риши Сунак Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен. Әңгімеден кейін Зеленский Сунакқа "украин армиясын тек шайқас алаңында ғана күшейтіп қана қоймай, өзге одақтастар үшін дұрыс сигнал болатын" шешімі үшін алғыс айтқан. Шешім жайлы толық ақпарат айтылмады.