Қырғызстан астанасында 25 қарашада алғашқы Халық құрылтайы ашылды. Ұлттық филармонияда өтіп жатқан жиынға елдің түрлі аймақтарынан 1072 делегат келді. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
Ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, мемлекеттік хатшы Сүйүнбек Қасмамбетовтің мәлімдеуінше құрылтай делегаттары президент Садыр Жапаровпен, Жогорку Кенеш депутаттарымен және үкімет мүшелерімен бірге бірқатар мәселені талқылайды.
Құрылтайға қатысушылар ақсақалдар кеңесінің құрамын бекітті. Қадыр Қошәлиев кеңес төрағасы болып сайланды.
16 тамызда президент Садыр Жапаров биыл 25 қарашада "Халық құрылтайын шақыру туралы" жарлыққа қол қойды. Халық құрылтайы туралы ереже 2021 жылғы 5 мамырда күшіне енген жаңа Конституцияға енген. Мұндай институттың пайда болуы Қырғызстанда дау туғызды.
Президент әкімшілігінің мәлімдеуінше, халық құрылтайы талқылаушы, бақылаушы жиын ретінде қоғам дамуының бағыттары жөнінде кеңес береді. Президент Садыр Жапаров құрылтайда биліктің барлық тармақтары халыққа бір жылда атқарылған жұмысы туралы есеп беріп, құрылтайда айтылған ұсыныстар мен тілектерді тыңдайды.
Жогорку Кенештегі депутаттардың кейбірі құрылтай институтын парламенттің кейбір функцияларын қайталайтын заңсыз ұйым деп санайды. Бұған қоса, депутаттар президенттің құрылтай тағайындау туралы жарлығын да заңсыз деп есептейді, өйткені бұның алдында парламент "Халық құрылтайы туралы" конституциялық заң жобасын қабылдамаған.