Бүгін 15 қыркүйекте Жетісу облысы, Талдықорған қаласында судия Бекмұрат Дүйсенбеков "Қаңтар қырғыны" кезінде қамалғандарды түрлі жолдармен аяусыз азаптаған полицейлердің сот процесін өткізді.
Сотта 23 жәбірленушінің арыз-шағымы бойынша криминалдық полиция басқармасының 3 қызметкері, әкімшілік полиция басқармасының бір инспекторы және арнайы жасақтың бір қызметкері жалпы 5 күдіктінің ісі қаралып жатыр.
Қаңтар қырғынында полицейлердің қолын артына қайырып арқасына қалай үтік басқанын айтып берген Дірен Айтов осындағы күдіктілерден де басқа полиция қызметкерлерінің бар екендігін, бірақ олардың әлі жауапқа тартылмағанын айтты.
"Мені ішкі істер департаменті ғимаратының артқы есігінен кіргізді де, 5-қабатқа көтерді. Жоғары көтерілмес бұрын кімде қару бар екенін сұрады. "5-қабатқа барғанда өзіңе қиын болады" деп айтты. Білмейтінімді айттым. Содан кейін жоғары қабатқа көтерілдім. Ол жерде дәлізде адамдарды қаз-қатар жатқызып қойған. Бетперде кигендері бар, қолында қаруы бар. Адамдардың басына секіріп, үстінен жүгіріп жүр. Сол уақытта алдымнан Айдын Кенжебаев (күдікті) пен Диас Рамазанов (күдікті) кездесті. Кенжебаев резинка дубинкамен басымнан 6-7 рет ұрды... Диас Рамазанов деген жігіт қолымды артқа қайырып кісен салды. Жерге жатқызып, басымды аяғымен басып тұрды. Екі аяғымды кімнің басып тұрғанын білмеймін. Айдын Кенжебаев үтікті қыздырып отырды. Содан "дұрыстап ұстап тұрыңдар" деді де, ыстық үтікпен ішімнен басты. 2-3 рет басты. Есімнен танып қалдым. Диас Рамазанов шашымнан ұстап көтерді, Кенжебаев үтіктің буын бетіме басты, Кенжебаевтан да басқа азаптағандарды да жауапқа тартыңыз. Сол үшін істі қайта тергеуге жіберіңіз, - деді Айтов.
Судья Дүйсенбеков істі қайта тергеуге жіберу-жібермеу мәселесін талқылау үшін алдын ала тыңдау өткізуге шешім қабылдап келесі сот отырысын 30 қыркүйекке қалтырды.
Талдықорған қаласы
Ә. Адайхан