Алматы әкімдігі азаматтық белсенділер мен "Демократиялық күштер коалициясына" кезектен тыс президент сайлауынан бас тарту талабымен митинг өткізуге екінші рет те рұқсат бермеді. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықар қызметі жазды.
Осыған дейін әкімдік "митинг белгіленген орын пен уақытта мәдени іс-шара өтеді" деп алғашқы өтініштерін кері қайтарған еді.
Митинг өткізу туралы екінші өтінішті «Мұқалмас» ұйымының Алматы филиалының жетекшісі Құдайғашүкір Абдуллаев әкімдікке 24 қыркүйекте жөнелткен. Бұл ретте митинг өтетін орын ретінде «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаң таңдалған.
Бұл хабарламаға Алматы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков «алаңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарланған» деген себеппен митинг өткізуге рұқсат бермеген.
Екі ретте де әкімдіктің бас тартқанын Facebook парақшасына жария еткен саясаткер Мұхтар Тайжан «ескерту тәсілі қайда, тағы да алдау ма?» деп жазды.
Бұған дейін белсенділер 17 қыркүйекте сағат 12.00-15.00 аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда митинг өткізетінін айтып, "Қазақстанның демократиялық күштер коалициясы" атынан әкімдікке ескерту хат тапсырған еді. Алайда 14 қыркүйекте әкімдік ескертуді кері қайтарып, алдағы сенбіде ол жерде "қоғамдық-мәдени шара өтетінін" айтқан.
Сайлау бақылаушысы Арайлым Назарова «митингте кезектен тыс сайлауды өткізбеу, сайлау туралы заңға өзгеріс енгізу, саяси тұтқындарды босату, президентті бір мерзімге 7 жылға сайлау ұсынысын қабылдамау сынды талаптар көтерілуге тиіс еді» дейді.
Әкімдіктің шешімімен келіспеген заңгер Ерлан Қалиев әкімшілік сотқа арыз берген.
– «Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заңның» 11-бабында жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыларға жиынның орны мен уақытын өзгерту туралы ұсыныс беруі керек. Мәселен, біз көрсеткен уақытта концерт өтсе, оған дейін не кейін өткізуді ұсынуы қажет, – дейді заңгер.
Әкімшілік сот істі жедел қарамаған. Тараптарды іс қосып, алғашқы отырысты 27 қыркүйекте өткізбек.
Қазақстанда 2020 жылы бейбіт жиындарды өткізу тәртібі туралы жаңа заң қабылданған. Билік бұл заң жобасын «бұрынғы тәртіп айтарлықтай өзгерді, енді ескерту арқылы бейбіт жиын өткізуге болады» деген сипатта насихаттады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та митингке азаматтар жергілікті атқарушы органды ескерту арқылы шыға береді дейді. Заңда «рұқсат етпеу» сөзінің орнын «бас тарту» деген сөз алмастырған. Құқық қорғаушылар заң өзгерсе де, бейбіт жиындарды бақылау мен рұқсат ету формасы ескі тәртіпте қалғанын айтып келеді.