Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы орман шаруашылықтарының бірінде 2-қыркүйек күні алапат өрт болды. Қостанай облысындағы өртті ауыздықтау үшін Оқиға орнында жедел штаб құрылып, оның құрамына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен өзге де бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары кірді. Өртті сөндіруге Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы жұмылдырылды. Аманқарағай ауылындағы тұрғын үйлерден 1000 адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған адамдар Әулиекөл орта мектебі мен мектеп-интернатына орналастырылғаны туралы мемлекеттік БАҚ жарыса жазып жатыр.
Орман шаруашылығына қарасты 106 мың гектар орман қорының 43 мың гектарын өрт шарпыды. Біреше елді мекенде 108 ғимаратты өрт шалып, 98 ғимарат толық жанып кеткен. Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, өртті сөндіруге 111 техника, 5 әуе кемесі, 5 өрт пойызы, жеке құрамның 793 7адамы жұмылдырылған.Өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жедел желі құрылып, психолог мамандардың жұмысы ұйымдастырылды. Қостанай облысында сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп жоспарланған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен байланысты іс-шаралар да кейінге қалдырылды.
Мемлекет басшысы мұнда енді басқа мақсатпен, яғни өртпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін келді. Осы өңірдегі халықпен, еріктілермен кездескен ел президенті Қ.Тоқаев “зардап шеккен азаматтардың бәрі екі-үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз»,— деді ол. Бірнеше күннен бері елді елеңдетіп, әлеуметтік желіде түрлі пікірлер туғызған алапат өрт ауыздықталды. Алайда, келтірген шығын мен зардап шаш етектен. Балауса талдар көктеп, орман болғанша біраз жыл кетері анық. Өрттің шығу себебін де былайғы жұрт сан алуан топшылайды. Әлеуметтік желілердегі видеолар мен пікірлер сарапталар. Біреулер президенттік сайлаудың болатынымен байланыстырса, біреулер Ресеймен, біреулер ағашшылармен байланыстырады. Басым көпшілігі адам қолымен жасалған деп қарайды. Әрине мұның бәрі жорамал. Осылай бола тұрса да, бүкіл ел бірлік танытып, әр облыстан еріктілер мен гуманитарлық көмектер ағылып келіп жатыр. Президенттің бұл әрекеті сайлау алды жарнама емес, жалаулаған құрғақ уәде емес, шынайы жанашырлық болса екен. Тілсіз жауды өз ұпайына пайдаланғысы келетіндер үйсіз, күйсіз қалған халықтың жағдайымен санасар күн жетті. Қара суыққа ұрындырмай қара халықты баспаналы етер деген ойдамыз.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрттің себебін Ішкі істер министрлігінің тексеріп жатқанын айтты. журналистердің өрт қасақана жасалуы мүмкін бе деген сұрағына минстр адам факторын жоққа шығармайтынын, әр түрлі версияларды қарастыратынын, тексеру Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша жүргізілетінін айтқан. сондай-ақ, өрттің шығу себебін тексеруге Бас прокуратураның кіріскені осыған дейін де белгілі болған болатын.
Н.Байтұрсын