Бүгін Алматы қаласында бір топ азамат демократиялық күштер коалициясын құрып 1 қыркүйектегі президент Тоқаевтың жолдауындағы кезектен тыс президент сайлауына қатысты үндеу жасады.
Құрылған коалицияның біріккен отырысына қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, журналистер, қоғам белсенділері мен заңгерлер қатысты.  
Демократиялық күштер коалициясын құрушы азаматтардың мемлекет басшысының 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында айтылған кезектен тыс президент сайлауына қатысты
ҮНДЕУІ
Біз Отанымыздың, халқымыздың алдағы тағдырына алаңдаймыз. Тәуелсіздіктен, мемлекеттіліктен айырылып қалу қаупі үдеп барады. Шынайы демократиялық бағыттан ауытқу одан әрі жалғасты. Супер президенттік жүйені қайта жандандыру әрекеттері жымысқылықпен іске асып жатыр. Бұл президенттің таяудағы, қыркүйектегі жолдауынан да айқын байқалды.
Кезектен тыс президент сайлауын өткізу, президенттік мерзімді жеті жылға дейін ұзарту, алдағы уақытта да билік басында отыра беру, қазақ тілін қосақталған деңгейде қалдыру жөніндегі Тоқаевтың ұстанымдарын қолдамаймыз! Біз мұның бәрін қоғамда қарсылық тудыратын демократиялық құндылықтардан бастарту, назарбаевтық жеке бастық, авторитарлық, тотаритарлық жүйені жаңғырту деп есептейміз! Және бұған жол берілмейтіндігін мәлімдейміз!
Мемлекет, халық алдындағы жауапкершілікті сезіне, оны өз мойнымызға ала отырып, біз барша демократиялық күштерді – оппозициядағы саясаткерлерді, тіркелген, тіркелмеген ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілерін, белсенді мүшелерін, саясаттанушыларды, азаматтар құқығын қорғаушыларды, күреске әзір барлық адамдарды қатарымызға қосылуға шақырамыз.
Біздің билік басындағыларға қоятын талаптарымыз:
- Кезектен тыс президенттік сайлау күн тәртібінен алынып тасталсын! Ондай сайлау өткізуге ешқандай қажеттілік туған жоқ.
«Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған түбегейлі және жан-жақты реформаларды сәтімен іске асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты керек» деген Тоқаевтың сылтауы – көзбояушылық. Әділетті Қазақстан құру үшін нақтылы саяси реформалар қажет. Ал ол реформаны іске асыру үшін халықтан жаңадан сенім мандатын сұрап, кезектен тыс сайлау өткізбей-ақ қойсын. Тек қоғаммен санасып, «Сайлау туралы», Саяси партиялар туралы, жиын бостандығы туралы заңдарды халықаралық нормаларға сәйкестендірсе, азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін, еркін, таза сайлау өткізуге кедергі келтіретін, назарбаевтық тәсілмен жасалған баптарды алып тастаса болғаны. Сайлау комиссияларын құруды өзгерту, оның құрамын түбегейлі өзгерту талаптарын орындасын. Бақылаушылардың, журналистердің сайлау барысындағы қызметтері шектелмесін, ашықтыққа, жариялылыққа жол ашылсын. Осындай алғышарттар жасалған соң таза, әділ сайлау өткізсін. Халық сонда өз таңдауын жасайды. Демек, Әділетті Қазақстан құру үшін президент Тоқаевтан керегі – саяси ерік-жігер, адалдық, батылдық, сөзде тұрушылық!
-Президенттік мерзімді жеті жылға созу жөніндегі президент ұсынысы қабылданбасын!
Конституцияны «жасанды референдумнан» кейін тағы да жұлмалау, түстен шошып оянғандай болу президентке жараспайды. Бұрынғы кезеңде өзгертіліп, қайта қалпына келтірілген мерзімді тағы да қайталау – жеке бастық мүдденің қамы.
- Президент сайлауы өз кезегімен 2024 жылы өткізілсін!
Оған дейін президент қызметінде отырған, легитимді емес президент саналған Қ.Ж.Тоқаев өзі уәде еткен саяси реформаны шынайылықпен, нақтылы қолға алсын.
-Саяси партияларды тіркеуге қойылған кедергілер алынып тасталсын!
Заңдағы жөнсіздіктер дереу арада түзетілмейінше, Әділет министрлігі арқылы тіркеу тәртібін алып тастамайынша, азаматтардың ұйымдарға бірлесу, мемлекетті басқару ісіне араласу құқығы шектеле беретін болады.
- 2022 жылғы қаңтардағы қырғын қасыреті бойынша жауапкершілікті мойнына алсын!
Жаппай тәртіп бұзушылыққа қатысты делінген әртүрлі айыптармен қозғалған қылмыстық істер қысқартылсын! Дәлелсіз, айғақсыз, азаптау, қинау арқылы «мойындатылған» кінәлары үшін сотталғандардың істері қайта қаралсын. Саяси қудалаудағы барлық саясаткерлерге, белсенділерге бостандық берілсін.
-Жоғарыдағы талаптар орындалмаған жағдайда, Қасым Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматы ретінде алдағы сайлауларда президенттікке үміткер болып түсуіне, тіркелуіне моралдық, саяси құқығы жоқ деп есептелсін!
Халық сенімінен айырылған адамға халық ешқашан да жаңа сенім мандатын бермейтіндігін жария түрде ескертеміз. Біз назарбаевтық билік жүйесін өз ыңғайына орайластыратын, жемқор, сатқын, жағымпаз, біліксіз тобырлардың мемлекетті басқаруына қарсымыз.
-Халық ұсынған азаматтар арасынан президент болуға лайықты тұлғаларды қазірден іріктеп, талқыға салып, сайлауға дайын тұруымыз керек. Ортақ үміткерді қолдайық!
Бұл кезектен тыс сайлауды қолдағандық емес. Билік басындағылардың «заңдастырып» алған ойын ережесін өзгертпейінше, сайлау нәтижесінің баяғыдағыдай болары анық. Сондықтан біз күллі қазақстандықтарды мынаған шақырамыз:
- президенттен, қос палатаның төрағаларынан және барлық депутаттардан саяси реформа жасау жөніндегі жоғарыдағы талаптарды орындатқызуды алаңдарға, көшелерге шығып талап етейік!
Бұл күресте бір болатындығымызды, көзқарастар мен ұстанымдардағы өзгешеліктерді, келіспеушіліктерді ысырып тастап, Демократиялық күштер коалициясы төңірегіне топтасатынымызды тағы да мәлімдейміз және баршаңызды білек түйістіруге шақырамыз!
Коалиция құрамындағы қоғам қайраткері Р.Сәрсенбайұлы бұл үндеудің Республика президентіне, мәжілісіне, сенатына, үкіметіне жіберілетінін айтты.