Ресей әскерлері өздерін «Донецк Халық Республикасы» және «Луганск Халық Республикасы» атаған сепаратистер иелеген Украинаның шығыс облыстарына жөнелтіп жатыр. Қазіргі дейін де оқ атысулар туралы еміс-еміс мәліметтер шығып жатыр. Аталған «республикаларды» Ресейден бөлек Куба, Венесуэлла, Сирия және Никарагуа қатарлы елдер мойындап үлгерді. Украина президенті Владимир Зеленский болса «ешкімнен қорықпайтынын және ешкімге ешнәрсе бермейтінін» мәлімдеді. Осылайша Украинаның шығысындағы жағдай шиеленіскен күйде.
Украина президенті Зеленский халыққа жолдаған үндеуінде резервтегі әскерлерді қайта шақыру туралы жарлыққа қол қойғанын жеткізді. «Біз Украина армиясы мен басқа әскери бөліктердің құрамын ықшам түрде топтастыруымыз керек», – деген Зеленский. Бұған қоса ол «Украина соғысқа да, дипломатияға да дайын» екенін жеткізген.
АҚШ пен Британия бастап Ресейге қарсы жекелеген санкция салып жатыр. АҚШ-тың санкциясы Луганск пен Донецк аймақтарына бағытталған болса, Англия санкциясы Путинге жақын қалталылар мен бес ірі банкке бағытталады. Бұл санкцияның алғашқы толқынынан жоғары билікке жақын ресейлік ондаған миллионер 32 млрд долларын жоғалтып үлгіргені туралы ақпараттар тарады.
Ресей президенті ДХР мен ЛХР дербестігін тану мәселесін көтеріп жатқан тұста Ресей-АҚШ президенттері арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулердің болатыны туралы мәліметтер тараған еді. Алайда, Ақ үй баспасөз қызметі бұл айтылғандарды жоққа шығарды.