Еліне жеткен қырғызстандық музкант Викрам Рузахунов журналистердің сұрақтарына жауап беріп, видео мәлімдемеде айтқандарының бәрі жалған екенін жеткізді. Бұл туралы Қырғызстандағы ақпарат құралдары мен қырғыз әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазып жатыр. Ол сөзінде еліне аман-есен қайту үшін осындай іске барғанын мәлімдеген.
Рузахуновтың айтуынша, ол 2 қаңтарда досының шақыруымен Алматыға іскерлік мақсатта келген, Алматыда митинг басталған 4 қаңтарда оған досы хабарласып үйден шықпай отыруын ескерткен, ол жалға алған пәтерде отырып Алмтыдағы митингке куә болған. BBC қырғыз қызметі хабарында Рузахун: «4-, 5-, 6 қаңтар күндері үйден шықпай отырдым. Бірақ, жағдай қиындай түсті, дүкендер істемей қалды, сондықтан мен үйге қайтуға шешім қабылдадым», – дейді И.Рузахунов сөзінде.
Музканттың айтысына қарағанда 7 қаңтарда Сайран автовокзалынан таксиге отырып Қырғызстанға бет алған. Самсы ауылында оны әскерилер ұстап, уақытша қамау орнына отырғызған. Онда оған дұрыс мәміле жасалған, ыстық шай, тамақ берілген. Жағдай тұрақтанғанға дейін ол сол арада 4 күн болғанын айтады.
Ол уақытша қамау орнында өзімен бірге қамалғандардан мынадай сөздерді естиді: «Саған ақша ұсынған..., Алматыға митинг үшін келдім десең бірден Қырғызстанға жібереді...» деген секілді.
«Бұл бір жол еді. Бірақ, мен ондай істемеген болсам да, солай деп айтайын деп шештім. Бұл үйге ертерек жетудің оңай жолдарының бірі деп ойладым, сондықтан, соны қолданып көрейін деп шештім», – дейді Қырғызстандық музкант.
Бұдан кейін Рузахунов: «Видеода айтқандарым жалған. [Бет-ауызымның көгергені] 7 қаңтар Алматыдан Бішкекке қайтып келе жатқанда шекара қызметінің күш қолдануымен ұстауында болдым. Біздің камерада 4 қырғызстандық болды... Барлығын ұстап жатты, олардың арасында тәжікстандықтар да, өзбекстандықтар да, тіпті қазақстандықтардың өздері де болды», – дейді журналистерге берген жауабында.
«Қандай қағаздарға қол қойған болсам, өз аузыммен қазір сіздерге айтып жатырмын», – деген қырғызстандық азамат: «Ешқандай құпия, коммерциялық құпия деген жоқ, маған ондай ұсынған жоқ», – дейді.
«Шынын айтсам, мен мәлімдеме жасап жатқанда, ондағы арнайы сөздер шындық болмаса да, мен ондай іс жасаған жоқпын. Бірақ соны айтып жатып, бәрі жақсы болады деп ойладым. Үйткені мені танығандардың бәрі менің немен айналысатынымды, кім екенімді біледі, мәлімдеменің жалған екенін де біледі», – дейді Рузахунов.
Бұған дейін Қазақстандағы ресми телеарналар таратқан видеолардың бірінде Викрам Рузахуновтың «Алматыға митинг үшін келдім» деген мағынадағы мәлімдеме жасаған еді. Бұл «Қазақстандағы дүрбелеңге қатысқан шетелдік күштер бар деген» ресми билік мәлімдемесі кезінде тараған болатын. Қырғызстан тараптың жедел қайтарған наразылығынан кейін Қазақстанның құзырлы органдары виеода сөйлеп тұрған «Викрам Рузахунов емес Закир Убуров» деп мәлімеген.
Рузахунов ісі Қазақстан мен Қырғызстан ортасында көп талқыға мұрындық болғаны рас. Оның Қырғызстанға барғаннан кейін жасаған мәлімдемесі еліміздегі кейбір оқиғаларға қатысты күдікті күшейтті.
Дегенмен, Рузахунов Бішкектегі «мәңігілік алау» алдында сөйлеп тұрып: «Бұл қазақ пен қырғыздың достығының символы болып қалсын», – деген пікірін айтты. Бұған қарағанда ол өзінің қандай шынтықты жайып салғанын да білмейтінге ұқсайды.