Қазақстан Ауғанстанмен тауар айналымын ұлғайтуға мүдделі. "Мұны сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты" деп жазды осы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Ауған үкіметімен Кабулда кездескен Сұлтанов "Қазақстан азық-түлік, мұнайхимия, металлургия, жеңіл өнеркәсіп пен мәшине жасау, ағаш өңдеу салалары бойынша Ауғанстанға құны 360 миллион долларға жететін 45 тауар экспорттайтынын" айтқан.
Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, Қазақстан Ауғанстаннан жеміс-жидек сатып алуға әзір.
Қазақстан Ауғанстанға ұн мен бидай жеткізетін негізгі ел. Қазақстан ұнының жартысынан астамы және бидайының 10 пайыздан астамы ауған базарына бағытталған.
Сұлтанов Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумына қатысып, Ауғанстанға ұн өнімдері мен өзге де азық-түлік жеткізу жөнінде меморандумға қол қойған.
Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары арасында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 345,9 млн долларға жеткен, бірақ бұл бір жыл бұрынғы осы кезеңдегі көрсеткіштен ($477,1 млн) 27,5 пайызға аз.
Қазақстан үкіметі өкілдерінің 2021 жылы тамызда билікке күшпен келген "Талибан" өкілдерімен кездесіп отырғаны бірінші рет емес.
Бұл жолы министр Бақыт Сұлтанов премьер-министрдің орынбасары Абдолла Салам Ханафимен, сыртқы істер министрі Әмір Хан Мұттақимен, сауда және өнеркәсіп министрі міндетін атқарушы Нұриддин Әзизимен кездескен.
Сұлтановтың сөзінше, Қазақстан Ауғанстанға құны 1,9 миллион долларға бағаланатын дәрі-дәрмек, бес мың тонна ұн мен азық- түлікті гуманитарлық көмек ретінде берген.
Бірер күн бұрын Азаттық тілшісімен сөйлескен ауған қазақтары тәліптер билікке келгелі көптеген дүкендер жабылып, 1200 ауғани тұратын бір қап ұн (шамамен 5100 теңге) 3200 ауғаниға қымбаттағанын (13700 теңге) айтқан.
Ауғанстанның сыртқы істер министрі Әмір Хан Мұттақимен 26 қыркүйекте Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев кездескен. Жергілікті БАҚ мұны Қазақстан өкілінің "Талибан" қозғалысының мүшесімен жоғары деңгейде алғаш кездесуі деп сипаттаған. Алайда Қазақстан сыртқы істер министрі таратқан хабарда террор ұйымның аты аталмаған, Мұттақиді "Ауғанстан уақытша үкіметі сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы" деп жазған.
Халықаралық қауымдастық "Талибан" қозғалысы Ауғанстан билігін қолға алған соң ауған үкіметін мойындау, не мойындамау деген дилемма алдында тұр. Сарапшылар Орталық Азия елдері өздерінің экономикалық мүддесі үшін тәліптермен ынтымақтасады деп топшылайды.
9 қыркүйекте Қазақстан президенті "Қазақстанның Ауғанстанмен іскерлік қатынастарға дайын" екенін айтқан. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 17 қыркүйекте Душанбеде өткен саммитінде Тоқаев "Ауғанстанның жаңа билігімен бейформалды диалогты" қолдайтынын білдірген.