Пәкістан премьер-министрі Имран Хан АҚШ пен Қытай қатынасы «жаңа қырғи-қабақ соғысына» қарай дамып бара жатыр деп бағалады. Ол Пәкістан бір тарапты таңдамайтынын, керісінше АҚШ-Қытай қатынасын жақсартуға көмектесуі керек деп білдірді. Бұл мәлімдемесін ол Исламабадта 9 желтоқсанда өткен қауіпсіздік семинарында ортаға салды.
Имран Хан аталған мәлімдемесінен бір күні бұрын Байденнің демократия саммитіне шақыруынан бас тартқан еді. Пәкістан лидерінің демократия саммитіне қатысудан бас тартуын көптеген сарапшылар аталмыш саммитке Тайуанның дербес ел ретінде қатсуымен байланыстырады. Бейсенбі күні басталған саммитке Байден әкімшілігі Тайуанды шақырғанымен Бейжіңге арнайы шақыру жібермеген. Бұндай саммитке қатысу Қытаймен стратегиялық одақтас саналатын Пәкістанға Бейжіңмен мәімілесіне кері әсер етуі мүмкін.
Ал, кешегі мәлімдемесінде Имран Хан өткен ғасырдағы АҚШ пен Кеңес одағы бастаған «қырғи-қабақ соғысы» кезінде Пәкістанның АҚШ бастаған Батыс алянсына қатысқанын айта келіп, АҚШ-Қытай арасындағы «блок» деп аталатын «жаңа қырғи-қабақ соғысына» қатысқысы келмейтінін жеткізді.
«Пәкістан бұл топтардың пайда болуына жол бермеу үшін күш салуы керек. Ешбір топқа қосылмауымыз керек. 1980 жылдары Кеңес одағы Ауғанстанды оккупациялаған кезде Пәкістан Америка Құрама Штаттары қаржыландыратын Ауғанстандық Ислам жиһады қарсыласу ұйымының Кеңеске қарсы базасына айналды», – деді Имран Хан сөзінде.
Ал, бейсенбіде Қытай Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде Пәкістанның демократия саммитіне қатысудан бас тартуын жоғары бағалады.
Соңғы бірнеше жылда Пәкістанның Қытаймен дәстүрлі тығыз саяси, әскери және экономикалық қарым-қатынастары нығая түсті. Бейжің екіжақты және «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Пәкістандық энергетика саласы мен инфрақұрылымына миллиардтаған АҚШ долларын құрайтын инвестиция салды.
Бейжіңмен ынтымақтастығы жыл сайын артып келе жатқанымен Пәкістан соңғы 20 жыл ішінде Уашингтонмен болған байланысы тұрақсыз күйде болды. Уашингтон көп жылдан бері Исламабадты АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштеріне қарсы «Талибан» ұйымының шабуылдарына қолдау көрсетті деп айыптап келді. Ауғанстан мәселесінің күрделі болуы да АҚШ пен Пәкістан қатынасын тұрақсыздыққа алып келді.
Бейсенбідегі баяндамасында Имран Хан Ауғанстандағы қазіргі дағдарысқа байланысты Құрама Штаттарды айыптай сөйледі. Тәліптер Кабул билігін алғаннан кейін елдің Орталық банк активтерін бұғаттауы 40 миллионға жуық адамның тағдырын елемеуі деп бағалады. Пәкістан үкімет басшысының айтуынша АҚШ-тың жауапкерсіздігі Ауғанстанда бұрын-соңды болмаған гуманитарлық дағдарысқа себеп болған.
«Талибан оларға (АҚШ-қа) ұнаса да, ұнамаса да, біз бұның 40 миллион адамның тағдыры екенін оларға жеткізуге бар күшімізді салып жатырмыз. Егер қаржылық активтерді бұғаттау, экономикалық санкциялар жалғаса берсе, Ауғанстандағы әлеуметтік дағдарыс күшейіп, тұтас жаһан үшін проблемаға айналады», – деген Имран Хан.