АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы мәжбүрлі еңбекпен өндірілген кез-келген өнімді АҚШ нарығына кіргізуге шектеу қоятын заң жобасын қабылдады. «Ұйғырлардың мәжбүрлі еңбегіне жол бермеу» деп аталатын заң жобасына қоса Шыңжаң мәселесіне қатысты тағы екі қарарға дауыс берілген, үш қарар да Өкілдер палатасында басым дауыспен қабылданды
Өкілдер палатасында 8 желтоқсанда қаралған «Ұйғырлардың мәжбүрлі еңбегіне жол бермеу» туралы HR1155 заң жобасы 428 дауыстың мақұлдауымен бір дауыстың қарсылығымен қабыл алынды. Шілдеде осы заң жобасы Сенаттағы екі партияның сенаторлары жағынан да бірден мақұлданған еді.
Палата спикері Нэнси Пелоси дауыс беру алдындағы баспасөз жиынына: «Қытай Халық Республикасы ұйғырлар мен басқа да азшылықтарды басып-жаншу үшін жаппай түрмеге қамау, азаптау және мәжбүрлі еңбекке салу сынды қатыгез шараларды алып баруда. Бұл заң жобалары арқылы Өкілдер палатасы осындай жантүршігерлік жағдайларды тоқтатып, Бейжіңнің зұлымдығын әшкерелеуді мақсат етеді», – деген.
Заң жобаларында Қытай үкімтін Шыңжаңдағы аз санды ұлттар тап болып отырған адам құқығы мәселесі бойынша қатаң айыптайды. Сондай-ақ, Халықаралық Олимпиада комитетін адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін орындамады деп сынға алған.
Дауыс беру кезіндегі отырыста Республикашылдар партиясының палата өкілі Крис Смит (Chris Smith) «Бұл Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) геноциді, ол бұл берілген бұйрықтарына тікелей жауапты. Тергеу лагерлерінде әйелдер қорлық пен жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырады. Ұйғыр балаларының дүниеге келуіне жол бермеу үшін мәжбүрлі түсік жасатты және мәзбүрлі зарарсыздандырды (балалы болу мүмкіндігінен айыру. Ред.QT). Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының «Геноцид қылмысының алдын алу және жазалау туралы» конвенциясының 2(d) тармағын тікелей бұзған болып саналады», – деген мәлімдеді.
Ресми Бейжің билігі өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып келеді.