Денсаулық сақтау министрлігі халыққа екпе салу жөнінде консультативтік комиссиямен бірігіп, азаматтарға коронавирусқа қарсы вакцинаны қайта салу (ревакцинация) науқанының алгоритмін бекітті. Жыл соңына дейін бір айдан аса мерзімде 600 мың адамға екпені қайта салмақ. Бұл жөнінде 13 қазанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook парақшасында хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда ревакцинация қарашаның соңында басталады. Коронавирусқа қарсы қосымша доза (бір доза ғана) екпенің қос дозасын алғаннан соң 6-9 ай өткеннен кейін салынады.

Министрлік дерегінше, республикада ақпан мен мамыр аралығында шамамен 600 мың адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Вакцина бірінші кезекте осы азаматтарға салынады. Биылғы жоспар бойынша, қайта иммундау науқаны қараша айында жүргізіле бастайды.

Ревакцинациядан өтуі тиіс топтар:

  • Медицина қызметкерлері, педагогтар, күштік құрылым өкілдері, жергілікті өзін-өзі басқару және жабық мекеме қызметкерлері;
  • 60-тан асқан орта жастағы азаматтар;
  • Коронавирусқа қарсы антиденесі қалыптаспаған азаматтар;
  • Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алса да, коронавирусқа шалдыққандар;

Министрлік жұрт алғаш салдырған коронавирусқа қарсы вакцина түрін таңдамауға кеңес берді. Тактикаға сәйкес:

  • Осыған дейін векторлық вакцина (Спутник) салдырғандар 9 айдан кейін инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина әдісімен әзірленген вакцина салуы тиіс;
  • Ал инактивті екпе алғандар алты айдан соң векторлы (Спутник) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина әдісімен әзірленген екпені салдыра алады;
  • Ал РНК-вакцина әдісімен әзірленген екпесі бар адамдар алты айдан соң вакцинаның қалған түрлерін (Спутник, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) салдыра алады.

Facebook желісінде қолданушылардың сұрақтарына жауап берген министр Алексей Цой:

«Бір вакцинаны қайта салдыруға тыйым салынбаған. Бірақ әртүрлі өндіріс әдісімен әзірленген республикада тіркелген басқа вакцина пайдалануға кеңес беріледі. Коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімді түбегейлі түрде бекітеді» деп жазды министр.

COVID-19-ға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында вакциналауға жататын контингент 9,9 миллионнан 11,4 млн адамға дейін ұлғайтылды, бұл ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес ұжымдық иммунитетке 60% деңгейінде қол жеткізуге мүмкіндік береді деп шешкен Ведомствоаралық комиссия.

The Qazaq Times