Сейсенбі, 12 қазанда астананың әкімшілік соты тіркелмеген Демпартияның ұсталған 8 белсендінің төртеуіне әрқайсысына 14,5 мың теңге айыппұл салды.
Олар Ұлттық банк ғимаратына проблемалы несиелерге амнистия жасау және өкілеттілігін асыра пайдаланған сот орындаушылары мен коллектор компанияларға жауапкершілікті күшейту талаптарымен барған. Құқық қорғаушы, белсенді Инга Иманбай хабарлауынша, осы жиынға қатысқан «Ұсақ бұзақылық» (434-бап) бабы бойынша айып тағылған.
Оның айтуынша, ұсталған сегіз белсенді Есіл ауданының полиция басқармасында жеткізілген, оларға адвокаттар дер кезінде жіберілмеген. Сондай-ақ, Әйгерім Тілеужан мен Аружан Дүйсебаеваның соты бүгін өтеді.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың шығуын талап еткен демпариялықтар 6 сағаттан аса уақыт ғимарат алдында наразылық білдірді. Олар бас банкир қабылдамайынша, аштық жариялап сонда қалатынын мәлімдеді. Бірақ Досаевтың орнына полциейлер келді. Сағат 18.30 шамасында белсенділерді күштеп ұстап әкеткен.
Белсенді Әйгерім Тілеужан Facebook желісіндегі парақшасында наразы тараптың атынан билікке бірнеше талап қойған:
- жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау;
- коллекторлық компанияларда тіркелген проблемалық несиелерді кешіру;
- белсенділер жинаған 100 мың өтінішті қарап, мәселелерін шешу;
- өкілетін асыра пайдаланған коллекторлық компаниялар мен сот орындаушыларын жауапқа тартуды қарастыратын заң қабылдау;
- шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы.
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) қаржылық статистика бөлімінің мәліметінше, қазақстандықтардың 2020 жылғы екінші деңгейлі банктер алдындағы борышы 7,1 трлн теңгеге (16,6 млрд доллар) жеткен. Бұдан өзге ипотекалық қарыз көлемі 600 млрд теңге (1,4 миллиард долларға) болған.