Шілдеде Пәкістандағы су бөгеті құрылысында жұмыс істеп жатқан қытайлық 9 жұмысшы автобус жарылысынан қаза тапқан болатын. Қытай тарабы Пәкістанды оқиғаның мән-жайын толық анықтауға шақырған. Кеше, 12 тамыз Пәкістан сыртқы істер министрі Шах Мехмуд Куреши жарылысты мақсатты жанкешті шабуылы деп мәлімдеді.
Пәкістан СІМ жетекшісі Куреши Reuters агенттігіне жарылысқа қатысты мәліметтер берген. Ол мәліметінде тергеу нәтижелеріне сәйкес шабуылда Үндістан Үкімет кабинеті хатшылығының Зерттеу және талдау бөлімі (RAW) мен Ауғанстан Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің іздері бар деп көрсеткен. Бұнда атап отырған Үндістан Үкімет кабинеті хатшылығының Зерттеу және талдау бөлімі Үндістанның сыртқы барлау агенттігі саналады.
Дегенмен, Reuters-тің бұл туралы хабарында Курешидің Үндістан мен Ауғанстан арнайы қызметіне қатысты нақты деректерді көрсетпегенін айтады. Соған қоса Үндістан мен Ауғанстанның бұл мәлімдемеге қатысты реакциясы туралы да мәлімет берілмеген.
Пәкістандағы автобус жарылысы 14 шілдеде болған еді. Онда Кохистандағы су бөгеті құрылысында жұмыс істеп жатқан қытайлық инженерлер отырған автобуста жарылыс болып жалпы 13 адамның өліміне себеп болған, қаза болғандардың 9-ы Қытай азаматы.
Пәкістан полициясы алдымен жарылысты автобустың техникалық ақауларынан болуы мүмкін деген. Алайда, кейін оқиға орнынан жарылғыш заттардың қалдықтарын тапқан болатын. Пәкістан жағы сол кезде де жарылыстың теракт болу мүмкіндігін де жоққа шығармаған еді.
Ал, Қытай жағы бұл оқиғаны бірден «теракт» деп бағалады, әрі Пәкістан үкіметін кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды. Тіпті, жарылыстан 3 күн өткеннен кейін 15 адамнан тұратын зерттеу тобын Пәкістандағы жарылыс болған жерге жіберген.
Айта кету керек, Кохистандағы гидроэлектр станциясы Қытай мен Пәкістан арасындағы экономикалық дәліз жобасының бір бөлігі саналады. Ал, жалпы құны 65 млрд АҚШ доллары тұратын Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі қазіргі Қытай басшысы алға тартқан «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасының маңызды тармағы. Бұл экономикалық дәліз Қытайдың стратегиялық даму жоспарында аса маңызға ие. Егер АҚШ пен оның Үнді және Тынық мұхиттағы одақтас, серіктері Қытайды осы теңіз жолдарынан шектейтін болса, Бейжің Шыңжаң шекарасынан бірден Парсы шығанағына жақын теңізге шығып кетудің аса қажетті дәлізін Пәкістан арқылы жүзеге асыра алады.
Сондықтан да, Қытай мен оның маңызды стратегиялық одақтасы саналатын Пәкістан үшін бірлескен жобалардың қауіпсіздігі мен ақаусыздығы аса жоғары мәнге ие. Ал, 14 шілдедегі жарылыс Пәкістандағы Қытаймен бірлескен жобаларға немесе Қытай азаматтарына жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін де Белужистан, Карачи жерлерінде де осыған ұқсас шабуылдар болған.
Алайда, Пәкістан СІМ жетекшісінің мәлімдемесіне қарамастан, Ауғанстан мен Үндістан тарабы шабуылға қатысты мәлімдеме жасамады. Ешбір террорлық ұйым да шабуылды өз мойнына алған жоқ.