Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Шымкент мәдениет басқармасының лауазымды өкілдері пара бермекші болғаны үшін күдікке ілінді" деген ақпаратты прокуратура бекіткен соң жарияланғанын мәлімдеді.
– Біз баспасөз баянын прокуратура бекіткен соң жарияладық. Бізде баспасөз баяны бар. Оны прокуратура бекіткен. Одан басқа ештеңе айта алмаймыз, – деді The Qazaq Times тілшісімен сөйлескен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Еркебұлан Шалтай.
Кеше, 11 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram желісіндегі ресми арнасы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының шенеуніктері "80 млн теңге көлемінде пара бермек болды" деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Артынша, Шымкент қаласының мәдениет басқармасы агенттік ақпаратын жоққа шығарып, Instagram-дағы парақшасында "басқараманың лауазымды тұлғаларының (басшы, басшының орынбасарлары) барлығы жұмыс орнында" екенін хабарлады. Хабарламада "еңбек демалысында жүрген 3 маманнан басқа қызметкерлер де түгел жұмыс орнында" екіні де айтылған.
The Qazaq Times тілшісімен сөйлескен Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Тұрсынбекқызының айтуынша, мәдениет басқармасына кешеден бері қызметкерлерінің ұсталғаны жайлы ешқандай ресми мәлімет келмеген.
– Басшылық құрам түгел жұмыста. Қызметкерлер де түгел дерлік жұмыс орнында. Қазіргі таңда үш қызметкеріміз еңбек демлысында. Кеше олардың біреуімен байланыстық, қалған екеуінің телефоны өшірулі болды. Бүгін бұл мәселемен кадр бөлімі айналысып жатыр. Қалған екеуімен байланысқа шығып, мәселе анықталған соң ресми хабарлама таратамыз, – деді ол.
Мөлдір Тұрсынбекқызының айтуына қарағанда, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қатысты қаралып жатқан қылмыстық іс жоқ. Ал кеше тараған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында "ұсталғандар мемлекет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қозғалған қылысты істі жабу үшін 80 млн теңге пара беруге әрекет жасады деген күдікке ілінді" делінген еді.