Сейсенбі күні астанада Экология министрлігі ғимаратының алдында Бозжыра шатқалын құтқару акциясын өткізген экобелсенділер ұсталды.

Бүгін елордада Бозжыра шатқалындағы құрылысқа қарсы арт-наразылыққа шыққан суретші Асхат Ахмедяров перформанс барысында бақсы үлгісінде киінді, қолындағы қамшымен барабанды ұрғылап Министрліктер үйінің алдында «тазарту рәсімін» ишаралады. Екінші белсенді Әлия Ахмалишева «Бозжыраны сақтайық» деген жазуы бар сары түсті жалау ұстап тұрды.

Арт-наразылық түріндегі қойылымды тілшілер мен полицейлер алқалап біраз бақылады. Шамамен жарты сағат өткенде Ақордаға беттеген оларды арнайы жасақ пен полиция былтырғы сайлаудан бері әдеттенген кеттлинг тәсілімен ортаға алды. Жасақ құрсаулаған белсенділер ұсталып, полиция көлігімен алып кетті. Құқық қорғаушы мамандар Асхат Ахмедяров пен Әлия Ахмалишеваның экология мәселесіне қоғамның назарын аударту мақсатында ұйымдастырған акциясында арнайы жасақтың күш қолдануын адам құқықтары мен сөз-пікір бостандығы сияқты конституциялық іргелі кепілдіктерді көпе-көрнеу аяқасты ету деп бағалайды.

Суретші Асхат Ахмедяровқа полицей қайта-қайта ескерту жасады. Астана. 13 шілде 2021 жыл. Фото: Adamdar/CA басылымы / Тимур Нусимбеков

Бозжыра шатқалында қонақ үй кешенін салу ұсынысы Үкімет пен инвесторларға жаққанымен, былтырдан бері азаматтық қоғам мен эколог мамандар тарапынан қатты сынға ұшырап келеді. Дегенмен шенеуніктер жоба аймақ инфрақұрылымының тынысын кеңейтеді деген райынан танбай отыр. Ал табиғат қауіпсіздігіне алаңдаған экобелсенділер ерекше орынға резорт-курорттық нысанды салу биопопуляция үшін өте қатерлі деп санайды.

Асхат Ахмедияровтың айтуынша, осы күнге дейінгі көптің наразылығына қарамастан, қазір Бозжыра түбінде қонақ үй құрылысының дайындық жұмысы жүріп жатыр.

Бозжыра шатқалы әктас шөгінділерінен түзілген айрықша ландшафт. Мамандар Үстірт жазығының (Маңғыстау облысы Қарақия ауданды) аумағында орналасқан бірегей табиғи ескерткішке кез келген антропогендік ықпал ауыр зардапқа алып келетінін айтып дабыл қағады. Экологтардың уәжінше, бұл аймақта ешбір құрылыс нысанын салуға болмайды. Алайда шенеуніктер мен шетелдік инвесторлар әулиелі өңірден «көл-көсір пайда» көруге боларын алға тартады.

“The Qazaq Times”