Алматы қаласында CoronaVac және Hayat-Vax вакциналары таусылды, сондай-ақ басқарма президент Тоқаев дереу жеткізуге тапсырма берген америкалық Pfizer екпесінің қашан қолжетімді боларын білмейді.
Дүйсенбі күнгі Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нариман Табынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қолда бар әрі «иммундық қорғанысы күшті» деген ресейлік және қазақстандық вакциналарды салдырған жөн дейді.
«1 ақпан мен 11 шілде аралығында 585 116 адам екпенің алғашқы дозасын алып үлгерді. Өткен күні 9 418 адам егілді. Қалада 212 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. 1 260 адамнан тұратын 308 егу бригадасы жұмылдырылды. Қалада вакцина қоры жеткілікті», – деді Табынбаев.
ДДСҰ «Спутник V» және QazVac екпесін мақұлдамаса да, Денсаулық сақтау министрлігі, санитарлық қауіпсіздік ограндары, эпидемиологтар бекіткенін алға тартты.
Қаланың бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшиннің дерегінше, күн сайын шамамен 10-16 мың адам егіліп жатыр. АҚШ-Германия ынтымақтастығы бойынша дайындалған Pfizer екпесі алматылықтар үшін қашан қолжетімді болады деген мәселе көтерілді.
«Президент сұраныс көптігіне байланысты Pfizer екпесін жеткізуді жеделдетуді тапсырды. Келетін мерзімі мен көлемі жөнінде нақты дерек белгісіз. Елге келіп жатса, әрине, алдыңғы қатарда алуға тырысамыз. Бірақ әзірге мұндай мәлімет жоқ», – деді Табынбаев редакция тілшісінің қойған сауалына.
Басқарма басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің алда әлі науқастар саны көбеюі мүмкін деген болжамын атап өтті.
Бүгінге дейін қалада жұмыс істеп тұрған 3700 орынның 43%-ы толып келген.
«Дүйсенбіде жаңа бұйрықпен стационарлардағы сыйымдылық 5060 орынға дейін ұлғайтылды. Қазіргі кезде орынның 34%-ында науқастар ем алып жатыр. Бірінші эшалонда 2400 орынды қамтитын инфекциялық ауруханалар жұмыс істеп тұр. Резерв класқа Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығы, Халық Арена стадионы, Психикалық сауықтыру орталығы енді, ал ертеңнен бастап Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (орысша – ГБСНП), сондай-ақ жеке клиникалар қосылғалы жатыр», – деп толықтырды.
Реанимацияда жатқан науқастар қатары кейінгі он күнде 51-ден 121-ге дейін артқан. 11 шілдеде, демалыс күнінің өзінде 638 адамнан коронавирус анықталған. Бүгінде жұқпалы ауруларға арналған стационарларда 1724 адам, оның ішінде 143 бала емделіп жатыр. Жыл басталғалы 60 мыңнан аса алматылық ауырған.