Украинаның Министрлер Кабинеті Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіне (ҰҚК) Беларусьтің 52 азаматына санкция енгізуді ұсынды.

Қара тізімге енгендер қатарында президенттің үлкен ұлы яғни Лукашенконың ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі және Беларусь Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, президенттің баспасөз хатшысы Наталья Эймонт, КГБ басшысы Иван Тертель, ішкі істер министрі Иван Кубраков бар. Тізім Украина үкіметінің сайтында жарияланды.

Министрлер Кабинетінің бұйрығына сәйкес, бір ай ішінде санкциялар тізімі ҰҚКД қарауына жіберіледі. Санкциялар 3 жыл бойына күшін жоймайды. Қарар жобасында украин тарабы Еуропалық кеңестің 2020 жылғы 2 қазандағы және 6 қарашадағы шешімдерін ескере отырып санкциялар дайындап жатқанын хабарлады.

Былтыр 9 тамызда Беларусьте президенттік сайлау өтіп, Александр Лукашенко кезекті мәрте президент атанды. Сайлаудан кейін елде ірі наразылық шерулері өтті. Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ сайлау нәтижелерін мойындамаған жоқ. Сол кезден бері «Еуропаның соңғы диктаторы» атанған Лукашенко режимі санкция құрсауында қалды.

Маусымның соңынан бастап Еуропалық одақтың Беларуське қарсы экономикалық салалық санкциялары күшіне енді. Мұндай экономикалық шектеу шаралары Минскке алғаш рет енгізілді.

22 маусымда Беларусьте 78 адам мен сегіз мекеме Еуропалық одақтың экономикалық санкциясына ілікті. Қара тізімге енгендер қатарында депутаттар, прокурорлар, судьялар және Лукашенконың ұлы Дмитрий мен келіні Лилия бар. Санкциялық тізімге енгендердің есепшоттары бұғатталып, виза берілмейді. Еуроодақ санкциясы өткен айда Беларусь режимінің Ryanair ұшағын мәжбүрлеп Минскіге қондырып, оппозициялық журналист Роман Протасевичті ұстағанына қарсы шара.

Ресми Минск халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері ұстанған саясатты «Беларусьтің ішкі ісіне араласу, іріткі салу» деп санайды.

"The Qazaq Times"